Қосымша калориядан арылудың 10 әдісі

Қосымша калориядан арылудың 10 әдісі
Фото: create.vista.com

Сымбатты дене пішініне жету фитнес-клубқа абонемент сатып алудан емес, қарапайым әрі ағзаға пайдалы әдеттерден басталады. Қосымша калориядан арылуға көмектесетін бірнеше әдісті ұсынамыз.

Сағыз шайнаңыз. Фильм немесе сериал қарап отырғанда бірдеңе жеп отыратын әдетіңіз болса, тіскебасарларды сағызға ауыстырыңыз. Сол секілді күйзелістік жағдайды тамақ жеп басатын болсаңыз, оның орнына сағыз шайнап көріңіз. Бұл арқылы артық салмақ қосып алудың алдын аласыз. Алайда сағызды ұзақ шайнауға болмайтынын ұмытпаңыз.

Тамақ пісіріңіз. Тамақ пісіру мен дастархан дайындау процесі арқылы да калория жағуға болады. Оның үстіне тамақтың иісіне тойып, дастарханға отырған кезде әдеттегіден азырақ жеуіңіз мүмкін.

Күліңіз. Күлкі өмірді ұзартып қана қоймай, арықтауға да көмектеседі. Соңғы зерттеулер бойынша, адам күлу арқылы да калориядан арыла алады. Сондықтан құрбыларыңызбен серуенге шығып, қызықты әрі күлкілі әңгіме айтып, уақытты көңілді өткізуді әдетке айналдырыңыз.

Ұялы телефонмен сөйлескенде жүріңіз. Телефонмен сөйлескенде бір жақтан екінші жаққа жүру пайдалы. Ұялы телефонмен ұзақ сөйлесетіндер бұлай жүру арқылы 25 минутта 100 ккал-дан арылады.

Таңертең серуендеңіз. Таңертең ұйқыдан тұрған соң таңғы ас ішпес бұрын далаға шығып жүріп қайтыңыз. Мысалы, дүкенге барып, сүт немесе нан алып қайтуға болады. Бұл әдет сізге сергектік сыйлайды, ағзаны жұмыс күніне дайындайды және метаболизмді іске қосады. Бұл дегеніміз таңғы асыңыз ішіңізге май болып жиналмайды.

Баспалдақпен жүріңіз. Лифт арқылы уақыт үнемдеуге болады, алайда ол дене пішініңіздің сымбатты болуына көмектеспейді. Жоғарғы қабаттарға баспалдақпен шығу арқылы қосымша калориядан арылуға болады.

Тамаққа бұрыш қосыңыз. Егер асқазанмен проблемаңыз болмаса, арасында бұрышы көп тамақ жеген пайдалы. Ол метаболизмді жылдамдатады, сондықтан ағза калорияны әдеттегіден екі есе тез жағады.

Велосипед тебіңіз. 15 минут велосипед тебу арқылы шамамен 105 ккал-дан арылуға болады. Егер демалыс күндері велосипедпен серуендеуді әдетке айналдырсаңыз, қаншама калориядан арылатыныңызды елестетіңіз.

Медитация жасаңыз. Денеңізді босаңсытып, терең тыныс алыңыз. Ағзаны оттекпен қанықтыру арқылы оған калорияны жақсырақ жағуға күш-қуат бересіз.

Секіріңіз. 10 минут секіргішпен (скакалка) секіру арқылы 110 ккал-дан арылуға болады.

А. Жапатова