Ұйықтай алмай жүргендерге кеңес

Ұйықтай алмай жүргендерге кеңес

Ұйқы ағзаға демалу, тынығу, қайта қалыпқа келу үшін, келесі күні сергек болу үшін керек. Уақыт режиімін қалыпқа келтіру үшін адам тәулігіне 8 сағат ұйықтағаны дұрыс. Кейбіріміз сол 8 сағат ұйқыға кету үшін жатар алдында төсекте дөңбекшіп, ойға түрлі нәрселер кіріп, көз іле алмай жатамыз. Осы жағдайда не істеуге болады?

Ароматерапия

Кейбір хош иістің жүйкені тыныштандыратын қасиеті бар. Бұл иіс денеге сергектік беріп, артық ойдан арылуға көмектеседі. Лаванда мен түймедақтың осындай қасиетке ие екенін білесіз бе? Жатын бөлмеңізге осы екі өсімдіктің эфир майының 1-2 тамшысы қосылған майшамды тұтатсаңыз болады. Жастыққа, төсенішке арналған спрейлер де бар.

Мелатонин

Ұйқыға дайындық кезінде ағза мелатонин гармонын бөледі. Егер ұйқы алдында гаджет қолдансаңыз, ағза бұл қызметті атқара алмайды. Себебі экран жарығынан ағза ұйқыға кету командасын орындай алмайды. Америкалық медицина академиясы мелатонин қосылған ББД-лар бұл мәселені шеше алады деген түйінге келген. Яғни, аталған гармонның химиялық аналогы бар қосымша дәрумендер гаджетке тәуелді сәтте көмектеседі дейді. Алайда қолданар алдында дәрігермен кеңесу керек. 

Шүйгіншөп (валериана) тамыры 

Шүйгіншөп тамырының тұнбасы орталық жүйке жүйесін тыныштандырып, жүрек қан тамырларының жұмысын жақсартып, күретамырлық қысымды реттейді. Әдетте, жүрек қысылып, дем тарылғанда дәрігерлер шүйгіншөп дәрісін тілдің астына соруды ұсынады. Гарвард медицина мектебінің сарапшысы шүйгіншөптің еш зияны жоғын, оның көмегімен ұйқыны ретке келтіруге болатынын растайды.

Кальций

Кальций ұйқы гармонына жақсы көмектеседі, сол үшін де балаларға жатар алдында жылы сүт береді. Жас бааланың ана сүтін емгенде тез ұйқыға кететіні де содан. Мамандар ұйқы алдында айран, йогурт, ірімшік секілді майлы емес, кальций қосылған тағам жеуді ұсынады.

Медитация 

Медитациямен не йогамен айналысатындар ұйқысыздықпен ауырмайды. Олар ойдан артық дүниені тез шығарып тастай алады. Жатар алдында 15 минут медитация жасап үйреніңіз. Табиғат, толқын әуені жақсы көмектеседі.

Акупунктура

Дәрігерлер инемен емделуді көбіне кеңседе отырып жұмыс істейтіндерге және арқасы, жауырыны ауратын науқастарға ұсынады. Ұйқысыздықпен арпалысқандар дерттен айығу үшін осы әдісті қолданса болады.

Түймедақ шайы

Дәстүрлі әдіс. Таза түймедақ жапырағынан дайындалған шайды таңдаңыз. Түймедақ қосылған көк шай алсаңыз, күткен нәтижені көре алмайсыз.