Теріге зиянын келтіретін 5 әдет

Теріге зиянын келтіретін 5 әдет
Фото: crello.com

Әрбір әйел адам терісінің мінсіз болғанын қалайды. Уақытылы тері күтімін жасасаңыз да, теріңіз күңгірт түске еніп, тіпті, безеу де пайда бола ма? Сіз ойламаған кей әдеттер теріге зиянын келтіруі әбден мүмкін. Ендеше, теріге зиянын келтіретін қандай қателіктер жіберуіңіз мүмкін?

1-қателік: ұйықтар алдында макияжды кетірмеу.

Тері ұйқы кезінде белсенді «жұмыс істейді»: уытсыздандыру, жазылу және жаңару процестері жылдамдайды. Сондықтан таңертеңгі сыртқы келбетіңіз дұрыс түнгі күтімге тікелей байланысты. Бірінші кезекте, бетіңіз бен мойныңызды ластық пен макияждан мұқият тазартыңыз. Тері жағдайына мән беріңіз: егер ол майлануға бейім болса, жуынуға арналған гель немесе көбік таңдаңыз. Ал егер тері құрғақ әрі сезімтал болса, сүт немесе мицеллярлы су негізіндегі бет жуатын құрал алыңыз.

2-қателік: SPF әсері бар құралды күніне тек бір рет қолдану.

Мұндай құралдың қорғаныш әсері тек екі сағатқа жетеді. Егер түскі үзілісте далаға шықсаңыз, таңертең жаққан SPF негізіндегі тональді креміңіз теріңізді ультракүлгіннен қорғамайды. Бірақ бұл барлық макияжыңызды кетіріп, қайта тональді крем жағу керек деген сөз емес. Күні бойы SPF әсері бар спрей, опа немесе кушон қолдану арқылы қорғаныш қабатты жаңарта аласыз.

3-қателік: ұйқы режимін бұзу.

Күні бойы тері көптеген негатив факторларға қарсы тұруға мәжбүр. Олардың ішінде ультракүлгін сәуле мен қаланың лас ауасы бар. Сондықтан оның қалпына келуіне мүмкіндік беру керек. Егер ұйқы сапсына мән бермесеңіз, тері тонусы мен оның жарқырауын жоғалтасыз.

4-қателік: макияжға арналған жаққыштарды жумау.

Көпшілік макияжға арналған жаққыштарды тазартуға аса мән бермейді. Алайда жаққыш бет терісімен жанасқан кезде оған бактериялар түседі және уақыт өте олар түктердің арасына жиналады. Сәйкесінше, жаққышты әр кейінгі қолдану кезінде бактериялар қайтадан бетке оралады. Сондықтан оларды уақытылы сабынмен жуып тұру маңызды.

5-қателік. Көп тәтті тағамдар жеу.

Көптеген зерттеулер гликемиялық индексі жоғары өнімдер (ақ нан мен тәттілер) безеудің пайда болуын шақыратынын дәлелдеді. Ал гликемиялық индексі төмен өнімдер (жемістер мен бұршақтылар) бөртпелер шығартпайды. Әрине, бірден барлық шоколад пен торт тілімдерінен бас тартуға шақырмаймыз. Алайда, теріңіздің мінсіз болғанын қаласаңыз, тәттілерді аптасына 1-2 реттен артық жемеуге кеңес береміз.

А. Жапатова