Жұқа шашқа қалай көлем береміз?

Жұқа шашқа қалай көлем береміз?
Фото: crello.com

Генетика, кей ауру түрлері немесе депрессия себебінен шаш жұқа болуы мүмкін. Алайда кей шаш үлгісі мен шашқа арналған құралдар арқылы оны көлемді етіп көрсетуге болады.

Шашқа дұрыс күтім жасауды үйреніңіз
Шашқа қалаған көлем беру үшін алдымен оған күтім жасап үйрену керек. Жұқа шаш оңай зақымдалады. Сондықтан шашты жумас бұрын оны тістері сирек орналасқан тарақпен тарап алған жөн. Сондай-ақ ыстық судың қысымынан аулақ болыңыз. Ыстық су шашпен қатар, бас терісін де зақымдайды.

Су шашты қатты сықпаңыз және сүлгімен уқаламаңыз. Шашты кепкен соң ғана тараған жөн. Сапалы күтім құралдарын қолдануды ұмытпаңыз: термоқорғаныш, шаш ұшына арналған май, шашты тарауды жеңілдететін спрей және т.б.

Дұрыс шаш үлгісін таңдаңыз
Жұқа шаш ұзын болған сайын салмағының себебінен төменге түсіп, одан сайын көлемі жоғалады. Сондықтан шаш шеберлері шашы жұқа қыздарға шаштарын қысқа етіп қиюды ұсынады. Мысалы, шаш көлемді көріну үшін ұзартылған боб, каскад, классикалық немесе пішінді каре таңдауға болады. Сондай-ақ, шашты бояу арқылы да көлемді етіп көрсетуге болады: шаш бояушы мамандар шашта 3D-эффект жасау үшін бір гамманың 3-6 реңкін пайдаланады.

Шашқа арналған арнайы құралдар қолданыңыз
Нарықта шашқа арналған құралдардың түр-түрін кездестіруге болады. Солардың арасында жұқа шашқа көлем беретін құралдар да бар. Құрғақ сусабын да шашқа көлем бере алады. Бастысы, мұндай құралдарды мөлшерден тыс көп жағып жібермеу керек. Әйтпесе, олар шашты ауырлатып, одан сайын шаштың көлемін жоғалтып жіберуі мүмкін.

Шашты бұйралап үйреніңіз
Стилистер жұқа шашты қыздарға шашты түзетудің орнына бұйралауға кеңес береді. Себебі бұйра салу арқылы оны көлемді етіп көрсетуге болады. Шашты түзететін үтікпен немесе бұйралағыш құралмен бұйралауға болады. Термоқұралдар шаш түбін көтереді, ал жеңіл толқындар шаштың бүкіл ұзындығына көлем береді. Шашты фенмен кептірген кезде басыңызды төмен салбыратып, шаш түбін саусақтарыңызбен көтере қозғаңыз.

Шаш қиығын екінші жаққа ауыстырыңыз
Әдетте, әрбір қыздың үйреншікті шаш қиығы болады. Оны үйреншіксіз екінші жағынан бөлсеңіз, шашта аздап көлем болады.

Арнайы сусабын қолданыңыз
Сусабын таңдаған кезде оның құрамында кондиционерлік компоненті жоқ түрін алыңыз. Әдетте, түссіз сусабындардың құрамында кондиционер болмайды. Себебі кондиционер шашты ауырлатады. Алайда бұл кондиционерді мүлдем қолданбау керек деген сөз емес. Оның бөлек ыдыста жеке сатылатын түрін алыңыз да, шашты сусабынмен жуып болған соң, кондиционерді шаштың түбіне жақпай, тек ұзындығына жағыңыз.

Брашинг әдісін меңгеріңіз
Басы дөңгелек щеткасы бар фенмен немесе тарақпен шашқа көлем беруге болады. Бұл техниканы үйрететін сабақтарды ютуб желісінен табуға болады. Қолды үйрету үшін оны қайта-қайта жасау керек.

А. Жапатова