Суық мезгілде ерінге қалай күтім жасаймыз?

Суық мезгілде ерінге қалай күтім жасаймыз?
Фото: crello.com

Ерін суық мезгілде жиі жарылады. Жарылған ерін әдемі көрінбейді және жағымсыздық тудырады. Неліктен ерін жарылады және суық мезгілде оған қалай күтім жасау керек?

Тері май бездері арқылы ылғалданады, ал ерінде май бездері өте аз. Сондықтан ерін терісі ылғалды ұстап тұра алмайды. Сол үшін де ерін косметикалық құралдардың қосымша күтімін қажет етеді. Күтімнің жоқтығынан ерін құрғап, қабыршақтануы мүмкін.

Сондай-ақ, еріннің құрғауына көп уақытымыз кететін жердің ауасы да әсер етеді. Мысалы, жылытқыштың кесірінен бөлменің ауасы өте құрғақ болса, ерін де міндетті түрде ылғалды жоғалтады. Ылғалдылық деңгейі 40%-60% аралығында болуы керек, бірақ қыста көпшілік үйде ол 30%-ға әрең жетеді. Сондықтан тек ерін терісінің емес, жалпы ағзаның денсаулығы үшін ауа ылғалдандырғыш құрал алған жөн.

Адам күйзеліске ұшырағанда оны түрлі әдістермен түсіруге тырысады. Мұндай кезде кейбіреулер санасыз түрде ернін тістейді. Сол секілді біреулер ернін жалай береді. Бұл әдеттер көп ұзамай еріннің жарылуына әкеледі.

Мұрын бітелгенде бірден ерін жарылады. Себебі ондай кезде адам ауызбен демала бастайды. Мұндай жағдайда алдымен тұмау белгілерінен арылу қажет.

Монша мен бассейндерді жақсы көретін адамдардың да еріндері жиі жарылады, себебі хлорланған су еріннің нәзік терісіне агрессивті әсер етеді.

Сонымен қатар, ерінге тіс пастасы көп мөлшерде тисе, ол қабыршақтана бастауы мүмкін. Бұл оның құрамымен байланысты: әдетте, тіс пастасының құрамында құрғататын эфир майлары мен ментол болады.

Ағзадағы кей процестердің себебінен де ерін жарылуы мүмкін:
- Сусыздану. Егер күні бойы қарапайым су ішуді ұмытып, кофе мен шай ішкенді жақсы көрсең, ағза сусызданады;
- Еріндегі ұшық;
- Пайдалы бактериялар жетіспей, «зиянды» бактериялар көп болғандағы ішектер жағдайы;
- Тағамдық және косметикалық өнімдерге, дәрілерге аллергия;
- Тері ауруы;
- Жұқпалар;
- Дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеуі.

Егер ерін жарылуы қатты жағымсыздық тудырса немесе жиі қайталанса, дәрігерге көрініп, себебін анықтаған жөн.

Суық мезгілде ерінге қалай күтім жасаймыз?

- Суық мезгілде жарылған ерінге скраб қолданбаңыз. Скрабтар жарылған ерінді одан сайын зақымдайды;
- Ерін далабының құрамына мән беріңіз. Ерінді суықтан қорғау үшін минералды майлар мен балауыз негізінде жасалған ерін далаптары мен бальзамдарды қолданыңыз. Олар ерінді суықтан қорғап тұру үшін әр бірнеше сағат сайын қайта жағуды ұмытпау керек. Күңгірт ерін далаптары жылтыр далаптарға қарағанда ерінді қатты құрғатады. Сондықтан күңгірт ерін далабын суық мерзімде жиі қолданбаған жөн;
- Дәруменді тағамдар жеңіз. Көкөністер мен жемістерді уақытылы жеңіз. Егер мүмкіндік болса, дәрігерге қаралып, анализдер тапсырып, ағзаға қай дәрумен жетіспейтінін анықтаған дұрыс;
- Еріндегі жарықшаны мазьбен емдеңіз. Суықтан пайда болған мұндай жарықшаны пантенол негізінде жасалған мазь кетіре алады;
- Ерінге арналған патчи қолданыңыз. Құрамында гиалурон қышқылы және пайдалы өсімдіктер сығындылары бар патчи таңдаңыз. Олардың көмегімен ерінді жылдам ылғалдандыруға болады;
- Егер медициналық маска кисеңіз, ерінді қорғаңыз. Масканы ұзақ тағу парниктік әсер беруі мүмкін. Масканы шешкен кездегі температуралар қайшылығы нәзік терінің қабыршақтануына ықпал етпес үшін міндетті түрде ерінді бальзаммен ылғалдандырып жүріңіз.

А. Жапатова