Терідегі коллаген деңгейін қалай арттыруға болады?

Терідегі коллаген деңгейін қалай арттыруға болады?
Фото: unsplash.com

Коллаген — тері сұлулығы мен жастығын қорғаушы. Ол — ағзаның құрылыстық ақуызы. Оның басты міндеті — дәнекер тіндерін беріктікпен қамтамасыз ету. Ол жасушалардың пішінін сақтауға көмектесіп,  өзара байланыстырады. Коллаген әртүрлі органдарда, бұлшықеттерде және сүйектерде болады. Терінің тығыздығы, яғни жастығы да соған тікелей байланысты. 

Жас үлкейе келе коллаген мөлшері біртіндеп азая береді. Ағзадағы коллагеннің түзілуі мен бұзылуы — үздіксіз процесс, бірақ шамамен 40-45 жасқа келгенде оның өңделуі 2 есеге азаяды. Сондықтан бұл жаста адам өз терісінен қартаюдың айқын белгілерін байқай бастайды.

Коллагеннің түзілу процесін қайта іске қосуға көмектесетін косметологиялық әдістер көп. Оларға коллаген ынталандырғыш немесе гиалурон қышқылдары инъекциялары, теріні лазермен ажарлау, RF-лифтинг және т.б процедуралар жатады.

Коллаген түзілу процесін іштей де қалыпқа келтіру керек. Себебі косметология тек сыртқы өзгеріс қана сыйлайды. Кешенді нәтиже алу үшін немесе косметологиялық процедураларға дайын болмасаңыз, табиғи жолмен коллаген мөлшерін арттырудың жолдарын ұсынамыз. 

Тамақтану рационына мән беру

Тамақтану үйлесімді болуы керек. Оның құрамында терінің қайта қалпына келуіне ықпал ететін өнімдер көбірек болғаны жөн: оған цитрусты жемістер, салаттар, жидектер жатады. Құрамында жануар коллагені бар азық-түлікке де мән беріңіз:  сорпа, балық, жұмыртқаның сарысы, асқабақ дәндері. Коллагеннің тәуліктік нормасын алу үшін күніне 1-2 тауық жұмыртқасын жеу жеткілікті. Аптасына міндетті түрде бір күнді балық тағамдарына арнаңыз.

Дәрумендер ішу

Ағзаға дәрумендердің тағамдар арқылы берілгені жөн. Бірақ егер тамақтан алынған дәрумендер мөлшері жеткіліксіз болса немесе дұрыс сіңбесе, қосымша дәрумендер немесе ББҚ (биологиялық белсенді қоспалар) ішу ұсынылады. Мысалы: құрамында омега-3 бар шашқа, теріге және тырнаққа арналған дәруменді жинақ. Бұл препараттардағы коллаген әртүрлі болуы мүмкін: өсімдік, жануар немесе балық. Құрамына қарай олардың бағасы мен коллагеннің сіңімділігі өзгереді.

Тері мен шаш жағдайының жақсаруы бірден білінбейді. Ереже бойынша, коллаген қай жерге қажеттірек, мысалы, буындарға беріледі де, теріге қалдығы ғана қалады. Мұндай жағдайда курсты арттыру керек немесе қандай да бір уақыттан соң қайталау керек.

SPF әсері бар крем қолдану

Күн сәулесі гиалурон қышқылдарының құрылымын өзгертеді. Ал гиалурон қышқылының басты міндеті — коллаген мен эластин жасушаларын байланыстыру. Күннің астында ұзақ жүргеннен тері сусызданады (гиалурон қышқылын жоғалтады) және әжімдер пайда болады (коллаген мен эластин жоғалады). Бұл процесс фотоқартаю деп аталады. Мұндай жағдай орын алмас үшін жыл мезгіліне қарамастан күнделікті SPF-құралдарды қолдану керек.

Спорт және массаж

Дене терісінің тығыздығына белсенді өмір салты да жағымды әсер етеді. Спортпен шұғылдану дене терісін серпінді етеді және целлюлитті кетіреді. Сол секілді массаждық процедуралар да тері жағдайын жақсартады: ол қанайналымды реттейді және эпидермистің жоғарғы қабатын қабыршақтандыруға көмектеседі.

А. Жапатова