Бөртпеге қарсы 3 маска

Бөртпеге қарсы 3 маска
Фото: freepik.com

Бетке бөртпе шығуының негізгі себептеріне гормоналды өзгеріс, нашар зат алмасу, сапасыз косметика немесе ішек аурулары жатады. Бөртпеге қарсы үй маскаларының дүкендегіге қарағанда артықшылықтары көп. Олар тек табиғи өнімдерден жасалады және оларға консерванттар мен бояғыштар қосылмайды. Бетке бөртпе шығуының алдын алуға немесе әлсіз бөртпені кетіруге көмектесетін маскалардың рецептілерін ұсынамыз.

Жасыл балшықтан жасалатын маска. Ол керемет тазартушы қасиетке ие. Жасыл балшық теріні артық майдан, ластықтан және улы заттардан арылтады. Сондай-ақ жасыл балшық табиғи антисептик болып келеді. Ол сергітуші және қоректендіруші қасиетке ие. Оны кез келген дәріханадан табуға болады. Одан маска дайындау үшін оның ұнтақ түрін қою қаймақ секілді болғанша сумен араластырасыз. Пайда болған қоспаны бетке жағып, 20 минут ұстайсыз. Содан соң салқындау сумен шайып тастайсыз.

Қиярдан жасалатын маска. Ол қара нүктелерден арылуға көмектеседі және теріні жақсы сергітеді. Одан маска жасау үшін қиярды үккіштен өткізіп, жарты шай қасық бадам майын құйыңыз. Оларды жақсылап араластырып, бетке жағыңыз. 20 минут өткен соң салқындау сумен шайып тастаңыз.

Сұлы жармасынан жасалатын скраб-маска. Терідегі ұсақ тесіктерді тазарту үшін сұлы жармасын ботқа тәрізді болғанша ыстық сумен араластырыңыз. Бұл маска үшін тек ұсақталған сұлы жармасын қолдану керек. Оның ірі түрлері теріні зақымдап жіберуі мүмкін. Оны теріңізге жағып, 20 минуттан соң жылы сумен жуып тастайсыз.

Ескерту: тері кемшіліктерінен толықтай арылу үшін оған кешенді түрде кірісу керек: дұрыс тамақтану, ағзаны тазарту, дұрыс тері күтімі және т.б. Сондай-ақ тері маманының кеңесі қажет.

Бетіңіздегі бөртпе нені білдіреді?

А. Жапатова