Бет терісі күтімі: Тыныштандыратын маскалар

Тері арасында қызарады, бөртеді немесе қышиды. Оған  күннің көзі, аяз, жел, косметологиялық процедуралар секілді көп фактор әсер етеді. Жағымсыз сезімнен арылып, теріні тыныштандыру үшін төмендегі маскалардың бірін қолданып көріңіз.

Қияр маскасы. Қияр тыныштандыратын, сергітетін және жеңіл ағартатын қасиетке ие. Сондықтан қабыну процестерін басу үшін оны бетке арналған маскаларға жиі қолданады. Маска дайындау үшін қиярдың жұмсағы мен сүйікті майыңыздың (мысалы, зәйтүн) бірнеше тамшысы қажет болады. Үккіштен өткізілген қиярды маймен араластырып, бет терісіне 15 минутқа жағыңыз. Содан соң оны суық сумен шайып тастаңыз.

Түймедақ маскасы. Түймедақ күшті бактерицидті қасиетке ие. Сондықтан бұл өсімдіктің тұнбасымен жаралар мен дененің қабынған бөлігін шаяды. Сол секілді оны қызарған бет терісіне де қолдануға болады. Мұндай тұнба тері қызаруын кетіреді, тартылып тұрғандай сезімді және қызуды басады. Оны дайындау үшін 1 ас қасық түймедаққа 0,5 стақан қайнаған су құйып, бетін жауып, 40 минутқа қалдырыңыз. Бетіңіздің өлшемімен бірдей табиғи жұқа мата алыңыз. Көз, мұрын және ауыздың орнын кесіңіз. Сүзілген түймедақ тұнбасына осы матаны сулап, оны бетіңізге 5 минутқа қойыңыз. Бұл әрекетті бірнеше рет қайталаңыз.

Алоэ маскасы. Алоэ – түрлі тері зақымына көмектесетін бактерицидті құралдың бірі. Оған қоса, алоэ жақсы ылғалдандырғыш қасиетке ие. Алоэ вера шырыны теріге тиген кезде полисахаридтерден тұратын жұқа қабықша түзеді: олар ылғалды ұстап тұрады және оны өзіне тартады. Алоэдан тыныштандыратын маска жасау үшін оның екі жапырағын тіліп, шырынын шығарыңыз. Оған бірнеше тамшы лимон суы мен лаванда майын тамызыңыз. Бұл масканы жақпас бұрын бетіңізді сәл қыздырып алыңыз. Ол үшін бетіңізге жылы суға суланған сүлгіні басу жеткілікті. Масканы бетке 15 минутқа жағып, содан соң суықтау сумен шайып, қоректендіргіш крем жағып қойыңыз.

Макияжсыз әдемі көріну үшін...

Көк топырақ маскасы. Көк топырақ жердің астында өте тереңде жататындықтан, минералдар мен микроэлементтердің көп мөлшерімен қоректеніп алады. Олар кейін теріге өтсе, оның қорғаныш қабатын қалпына келтіреді және ылғалдандырады. Көк топырақтан тыныштандыратын маска жасау үшін дәріханадан құрғақ қоспа пакетін сатып алып, оны сумен араластырыңыз. Масканы бетке жағып, ол кебе бастағанда сумен шайып тастаңыз. Масканың толықтай кепкенін күтпеңіз, әйтпесе ол сезімтал теріні зақымдап жіберуі мүмкін.