Әртүрлі жаста теріні ылғалдандыру ережелері

Көпшілік теріге күтімді нақты ретпен жасайды. Әдетте, әйелдер алдымен бет терісін жуады, одан кейін тоникпен сүртеді және крем жағады. Сондай-ақ аптасына бір рет маска немесе скраб жасап тұру ұсынылады. Тері күтіміндегі басты ритуал – оны ылғалдандыру. Себебі ерте қартаю белгілерінің көпшілігі теріге ылғал жетіспеуінен пайда болады. Ендеше, жас айырмашылығына қарай теріні қалай ылғалдандыру керек?

18+

20 жаста тері биологиялық белсенділіктің шыңында болады және қажеттінің барлығы өздігінен өндіріледі. Алайда бұл кезде қара нүктелі безеулер немесе басқа да кішкентай қабынулар пайда болуы мүмкін. Бірақ оның өзі терінің табиғи процестеріне белсенді араласуға себеп емес. Бұл жаста тері типіне қарай оны дұрыс тазарту жеткілікті. Ал ылғалдандырудағы негізгі мақсат – гидролипидті қабықты сақтап қалу. Гидролипидті қабық дегеніміз – ылғалды ұстап тұратын табиғи қорғаныш.

Тері күтіміне кеңес: Табиғат сыйлаған байлықты сақтап қалу маңызды. Күтімнің негізгі үш қадамын біліңіз: тазалау, ылғалдандыру және қорғау. Бұл жаста теріні жұмсақ қана тазалау керек. Құрамында спирті бар күтім құралдарынан аулақ болыңыз. Олар теріні қатты құрғатып жібереді. Бет жууға көбік сияқты жұмсақ өнімдер таңдаңыз және текстурасы жеңіл кремдер алыңыз.

Қателіктер: Жиі күнге күю, темекі тарту және қара нүктелер мен безеулерді сығу.

30+

Бұл жас аралығында терідегі барлық су қоры өте тереңде жатады. Эпидермистегі сұйықтықтың тек 15%-ы болады. 30 жаста теріге сергітетін ылғал мен гиалурон қышқылы жетіспейді. Сондықтан тері өзінің жұмсақтығы мен иілгіштігін жоғалта бастайды. Бір сөзбен айтқанда, тері "су ішкісі" келеді. Соның салдарынан ерте әжімдер пайда бола бастайды және тері құрғай береді. Сондай-ақ 30 жастан соң әйел адам жыл сайын 3% гиалурон қышқылын жоғалтады, сондықтан оның орнын толтырып отыру ұсынылады.

Тері күтіміне кеңес: Бұл жаста теріні ерте қартаюдан қорғау үшін оны терең ылғалдандыруға кірісу керек. Кремге көмек ретінде гиалурон қышқылы бар ылғалдандырушы сарысу алыңыз. Мұндай өнімдердің құрамындағы белсенді заттар тереңге сіңе алады. Оны теріге таңертең және кешке жағып, күнделікті тері күтіміне айналдырыңыз. Массаж немесе маска жасау сияқты жеңіл салондық процедураларға барып көріңіз. Гиалурон қышқылын қосымша ББҚ (БАД) түрінде ішуге болады.

Қателіктер: Ұлғайған жастағы теріге арналған құралдарды қолдану, қатаң диеталар ұстану, темекі тарту және ұйқы қанбау.

40+

Ағзадағы зат алмасу процестері баяулай бастайды, ерін ұштары төменге салбырап түседі. Жаңа жасушалар бұрынғыдай жылдам өспейді, сондықтан терең әжімдер пайда болады. 40 жаста тері өте сезімтал әрі құрғақ бола түседі. Қартаю процестерін баяулату үшін оны белсенді түрде қоректендіріп, қатайту керек.

Тері күтіміне кеңес: Енді крем теріні ылғалмен қамтамасыз етіп қана қоймай, қартаюға қарсы тұруға да көмектесуі керек. Оның құрамында антиоксиданттардың болғаны дұрыс. Бұл жаста кремнің құрамында пептидтер, ресвератрол, коллаген және матриксил компонеттері болуы тиіс. Жоғары липидті қабатты қалпына келтіру үшін тығыз әрі құнарлы текстураларға көшіңіз.

Қателіктер: Далаға SPF әсері бар крем жақпай шығу, косметолог маманына қаралмау.