Диетологиядағы жаңа сөз – “Окинава”

Жылдам салмақ тастау ақырын артта қалып барады. Қазір диетологтар арықтауға арналған бір реттік диета емес, жалпы адамның өмірлік салтына айналатын тамақтану жүйесін жиі ұсынады. Мұндай "диеталар" дене сымбаттылығына көмектесуімен қатар жалпы денсаулыққа жағымды әсер етеді. Назарларыңызға сондай тамақтану жүйесінің бірі – Окинава жайлы ақпарат ұсынамыз.

Окинава деген не?

Окинава – Шығыс Қытай мен Филиппин теңізінің ортасында және Жапония жағалауында орналасқан ірі арал. Ол әлемнің "көгілдір аймағының" бестігіне кіреді: бұл жердің тұрғындары мықты денсаулықтарымен және ұзақ өмір сүруімен ерекшеленеді.

Ғалымдардың зерттеуінше, олардың ұзақ өмір сүруіне және денсаулығына әсер етіп отырған маңызды факторлардың бірі – арал тұрғындарының тамақтануы. Ұзақ өмір сүрушілер жайлы ақпарат әлем бойынша тарап, олардың тамақтануын диетологтар мен нутрициологтар зерттеген. Енді әлемге әр адам ұстана алатын Окинава тамақтану жүйесі белгілі.

Окинава дәстүрлі диетасы төмен калориясымен, құрамындағы баяу көмірсуларымен және пайдалы майларымен ерекшеленеді. Арал тұрғындары құнарлы заттарға бай азық-түлік жейді және көп қозғалады.

Қандай азық-түлік жеу ұсынылады?

Окинава диетасы құрамында түрлі қоректік заттары көп және антиоксиданттары бар азықтардан тұрады. Қоректік заттар ағзаның күні бойы қалыпты жұмыс істеуіне қажет болса, антиоксиданттар жасушаларды зақымдардан қорғайды.

Окинава тұрғындары Жапонияның басқа халқы сияқты күрішті көп жемейді. Олар көмірсулардың негізгі көзі ретінде тәтті батат картобын, астық тұқымдастар, бұршақ тұқымдас және жасұныққа бай көкөністер қолданады.

Окинава тамақтану жүйесіндегі негізгі өнім – көкөністер. Мысалы: тәтті картоп, теңіз балдыры, теңіз орамжапырағы, шалғам, қырыққабат, сәбіз және асқабақ.

Олар бұршақ тұқымдастардан сояны (тофу ірімшігі, мисо-сорпа), үрмебұршақты және эдамаме бұршағын таңдайды. Етті өнімдерді, соның ішінде ақ балық рационның тек 2%-н құрайды. Антиоксиданттарға бай ақгүл (жасмин) шайы мен куркума – диетаның міндетті құрауыштары.

Үздік диетаның бірі – DASH

 Қандай азық-түлік жеу ұсынылмайды?

Окинава диетасында шектеулер көп. Оның басты себебі – аралдың басқалардан оқшау орналасуы. Бірақ тұрғындар кей өнімдерден денсаулықтарын сақтау үшін бас тартқан. Сонымен Окинава диетасында қызыл ет, тауық еті, барлық шұжық өнімдері, жартылай дайын өнімдер, жұмыртқа және сүтті өнімдер қолданылмайды. Сондай-ақ жаңғақтар мен дәндер қара тізімге кіреді.

Окинава диетасының пайдасы қандай?

Бұл тамақтану жүйесінің басты артықшылығы – созылмалы аурулардың пайда болу қаупін азайту. Бұл диетаға кіретін өнімдерде антиоксиданттар мөлшері өте көп, сондықтан олар түрлі вирустар мен жұқпалардан қорғайды. Сонымен қатар көпшілік өнімдегі жасұнықтың жоғары мөлшері ағзаны дұрыс ас қорытумен қамтамасыз етеді және қант диабетінің алдын алады.

Окинава диетасында шектеулер көп болғанымен, ол ағзаны қажетті микро және макроэлементтермен қамтамасыз ете алады.