Бет күтімі: Жасартатын әсері бар 3 маска

Бет күтімі: Жасартатын әсері бар 3 маска
Фото: pixabay.com

Қыз-келіншектердің бет жүзінің сұлу көрінуі алдымен тері сапасына байланысты. Жылдар өте тері қартаяды және табиғи реңін жоғалта бастайды. Бұл процесті баяулату үшін зиянды әдеттерден арылып, спортпен айналысу керек. Сонымен қатар тері күтімі жайлы ұмытпау керек. Бүгін жасартушы әсері бар 3 масканы ұсынамыз.

Ылғалдандырушы алоэ маскасы. Алоэ вера – құрамында 200-ден аса ылғалдандырушы және қоректендіруші заттары сондай-ақ солған теріге қажетті аминқышқылдар мен дәрумендер бар өсімдік. Одан жасалған маска терең емес әжімдерді тегістеуге, құрғақтықты кетіруге және қабынуды басуға көмектеседі. Мұндай маска жасау үшін алоэ шырынын 1 ас қасық зәйтүн майымен араластырып, оған 1 шай қасық сүйікті қоректендіргіш креміңізді салыңыз. Оны теріге жағып, 15 минуттан соң салқындау сумен жуып тастаңыз.

Балшықтан жасалатын қоректендіргіш маска. Егер бет терісі түсін жақсартып, оттекпен қанықтырып, токсиндерді шығарғыңыз келсе, көк топырақтан жасалатын масканы көріңіз. Ол да терең емес әжімдерді тегістейді. 2 қасық топырақты жылы сумен қоюланғанша араластырыңыз. Содан соң оған 1 қасық зәйтүн майын құйыңыз. Оны жақсылап араластырып, теріге жағыңыз. Оны 20 минут өткен соң жуып тастаңыз.

Сергітетін көк шай маскасы. Антиоксиданттарға бай көк шай теріні сергітіп, күйзеліс пен шаршау белгісін басады. Бұл масканы күнде жұмыстан кейін қолдансаңыз да болады. Ол үшін қою шай демдеп, 10 минутқа қалдырыңыз. Содан соң мақта дисктерін тұнбаға батырып, бетіңізге қойып шығыңыз. Бетіңізге сүлгі жауып қойыңыз. Сол кезде маска ұзаққа дейін жылы болып тұрады.

Бетке арналған маскаларды қолдану ережелері:

- Масканы тек тазартылған бетке жағыңыз;
- Масканы жаққан кезде бет терісін созбаңыз және қатты уқаламаңыз;
- Масканы салқындау сумен шайыңыз;
- Бұл процедурадан соң бетіңізге ылғалдандырушы крем жағып қойыңыз.

А. Жапатова