Моника Беллуччи: "Мен ешқашан арықтамаймын"

"Дракула", "007: Спектр", "Матрица" фильмдерінде танылған италиялық актриса, модель Моника Беллуччи биыл 55 жасқа келді. Осы орайда Италиядағы әртіс қыздардың сұлулық құпиясын айтайық.

Беллуччи салауатты өмір салтын ұстануды құптаса да, ешқашан жанын қинап ауыр жаттығулар жасамайтынын айтады.

"Мен ешқашан арықтамаймын. Табиғатымнан жалқаулыққа жақынмын. Тамақтануды жақсы көремін. Шынайы барым – осы. Жалғандыққа ұмтылғым келмейді".

Алайда ол аптасына төрт рет жан ләззаты үшін бассейнге барады және де миын тазартып тұру үшін йогаға қатысады.

Ал Беллуччидің шаш күтіміне келер болсақ, оның ерекшелігі сусабынның өзін шашқа бірден жаға салмай, алдымен сумен араластырып алады. Себебі таза қоймалжыңның өзі шашқа зиянын тигізеді. Сонымен қатар актриса шаш кептіргіш (фен) құралды мүлде қолданбайды, шашы жылтырап, жұмсақ боп тұруы үшін зәйтүн (оливковые) майын жағады. Тағы бір айта кетерлігі, ол шашты жиі жууға да қарсы: өзі аптасына екі мәртеден артық жумайды.

Моника терісіне аса ықтияттықпен күтім көрсетеді. Әр таңын салқын душ қабылдаумен атырып, одан соң тоник, сарысу (сыворотка) қолданады және жұқалап жақпамай жағады. Өзінің ерекшелігін де елеусіз қалдырмайды. Бұл туралы былай дейді ол:

"Менің ернім үлкен, үнемі құрғап қалады. Сол себепті үнемі ернімді ылғалдандырып отыруым керек. Ерін аса маңызды. Онымен сөйлейсің, тамақ жейсің, сүйесің".

Италия әйелдері дәмді тағамға деген махаббатын жасырған емес. Мысалы Софи Лорен "Көріп тұғандардың бәріне айтайын, мен спагеттимен бір туғанмын" дейді. Беллуччи де оның ары жақ, бер жағы, ол да өмірін тәтті тағамсыз елестете алмайтынын жеткізеді.

"Шындығына келсек, мен тортты, пастаны өте жақсы көремін. Аздаған шарап ішіп те өзімді еркелетіп аламын".

Бірақ, бір ескерерлігі, актриса ешқашан артық тамақтанбайды. Егер мүсінін бір қалыпқа келтіру керек болса, қалаған тамағының барлығын жейді, тек мөлшерін сәл азайтады және балық пен көкөністі көбірек жеуге тырысады.

Беллуччи сырт келбеті жағынан да, басқа қырларынан да мінсіз әйел деуге болады, мұның құпиясын мына сөздерінен ұғыңыз:

"Мен үнемі жас қыздарды өз денесін жақсы көріп үйренуге үгіттеймін. Мүсінінде міні бар ару да ап-арық қыз секілді тартымды бола алады, өмірде идеал жоқ. Тек өзіңді бар болмысыңмен қабылдап, сүйе білуің керек. Мұны өз тәжірибемнен айтып отырмын. Мүлтіксіздік деген ұғым жоқ, сол себепті оған талпынбаймын да".