Сабынның қай түрі пайдалырақ?

Қазіргі кезде дүкен сөрелерінен сабынның түр-түрін кездестіруге болады. Түрлі құрамы, түсі, иісі бірінен бірі өтіп, көздің жауын алады. Сұйық сабын керек пе, қатты сабын дейсіз бе, аллергияға қарсы түрі керек пе – бәрі табылады. Сол көп сабынның ішінен өз терімізге сәйкесін жаңылмай таңдау үшін сабындар туралы ұғымға қанық болғанымыз артық етпес.

Глицерин сабын
Құрамында теріні жұмсартатын глицерин (денсаулыққа, техникаға қолдану үшін әртүрлі майдан жасалатын ақшыл сұйық зат) болғандықтан, бұл сабын пайдалырақ секілді көрінеді. Дегенмен бұл алдамшы көрінісі ғана. Глицерин теріде ауа өткізбейтін қабат түзеді де, құрғатып жібереді.

Бактерияға қарсы сабын (антибактериальный)
Оның басты міндеті – теріге терең еніп, микробтармен күресу. Бірақ ол зиянды бактериялармен қоса теріге пайдалы бактерияларды да өлтіріп тастайды. Оның құрамындағы триклозан заты тек антисептикалық компоненттен құралмайды, сонымен қатар оның мутагендік әсері бар.

Классикалық сабын
Бұл сабын тері сыртындағы кірді жақсы кетіреді. Бір кемшілігі терінің гидролипидтік қорғаныс қабатын шайып кетеді. Классикалық сабынмен жуғаннан кейін тері қайтадан тез кірленіп, бактериялар жиналады.

Скраб-сабын
Мұндай сабын құрамында теңіз тұзы, кофе қалдығы, өрік дәні секілді теріге бататын заттар көп. Скраб-сабынмен терінің тереңіне енетіндей пилинг жасауға болады. Бет терісіне тек бетке ғана арнап шығарылған скрабты қолданған дұрыс. Сабын скрабын қолданғаннан кейін тері тым құрғап қалмауы үшін, оны ылғалдандыру керек.

Балалар сабыны
Бұл басқаларына қарағанда аллергия туғызбайтын сабын. Құрамында теріні тітіркендіретін ешқандай бояу, хош иістендіргіш, қосынды түрі жоқ. Бірақ басты қосындысы сілті болғандықтан, көзді ащытып, теріні құрғатып жібереді.

Сұйық сабын
Қазір басқаларына қарағанда сұйық сабын мен душқа арналған гель көп қолданылады. Сұйық сабын өзі арнайы құтыда тұратын болғандықтан оған бактерия жиналу қаупі аз. Душ гелі мен сұйық сабын сулы құрамда жасалғандықтан теріні құрғатпайды, керісінше, барқыт тәрізді нәзік етеді. Ол теріні тазартатын эфир майы, басқа да пайдалы өсімдік сығындысынан құралады. Мұндай сабындардың бір кемшілігі, құрамына химиялық бояу, хош иістендіргіш, лаурил натрий сульфаты көптеп қосылады.

Теріге нақты қандай сабын пайдалы екенін дөп басып айту қиын, сол себепті әр сабынды аларда құрамына назар аударып, зиянды химиялық қоспалар аз түрінен таңдаңыз. Ал денеңізді душ гелімен жуыңыз, оны да теріні құрғатып жібермеуі үшін күн сайын пайдалана беруге болмайды.