Сұлулық сыры — күтімде

Сұлулық сыры — күтімде
Фото: Pinterest, www.anaturalway.us

Әдемі болып көріну — өнер. Ал бұл өнерді үйрену қиын емес. Бар болғаны, еріншектікке жол бермеу. Жас пен дәрежеге, материалдық және психологиялық жағдайларға қарамастан, әйел адам әдемі болып жүруі тиіс. Соған сай бүгінгі таңда бетті тазалауға арналған косметикалық заттар өте көп. Бет теріңіздің типіне қарай таңдап, қолдана аласыз. Алайда үй жағдайында жасалған маскалар мен скрабтың пайдасы орасан зор.

Бет терісін күніне 2 рет тазалап әрі нәрлендіріп отыру керек. Яғни бұл күтімді  таңертең және кешке жасайсыз. Соның ішінде бетті тазалауға арналған скрабтың пайдасы ерекше. Себебі құрамындағы майда түйіршіктер бетті өлі жасушалардан арылтып, тазалайды және беттің қанайналымы жақсарады. Мұның себебі қан өзімен бірге пайдалы заттар мен оттекті алып жүреді. Сондықтан бетке дұрыс күтім жасау қажет.

Қазір базар немесе дүкендерде скрабтың түрі-түрі сатылады. Алайда оны үй жағдайында да жасап алуға болады. Бастысы бұл бет күтімін 2-3 күнде бір рет жасап отырсаңыз болғаны. Бетті тазартуға арналған бұл скраб үшін сізге жарты шай қасық лимон шырыны, 2 шай қасық тұз, 1 шай қасық бал керек. Бұл скрабтың пайдасы лимон қышқылы бетті тазаласа, бал бетке минералдар мен дәрумендер сыйлайды. Егер де осы 3 заттың біріне аллергияңыз болса, онда бұл тәсілді қолданудан бас тартыңыз. Бұл әдіспен бетті тазартып алғаннан кейін міндетті түрде крем жағуды ұмытпаңыз. Сонда ғана бетіңіз әрленіп, әдемілене түсесіз.

Қол күтімі

Күнделікті қолда тазалап жуып, ара-арасында крем жағып қойғанымыз болмаса, оған бұдан артық ешқандай күтім жасай бермейтініміз шындық. Алайда барлық үй тірлігін осы қолдар арқылы бітіретіндіктен аптасына 2-3 рет неге қолыңызға көңіл бөлмеске?

Бұл үшін ең алдымен қолды тазалап алу қажет. Ол үшін кішкене табақша мен ұсақ теңіз тұзы қажет. Теңіз тұзының құрамында пайдалы микроэлементтер болғандықтан, ол тырнақты қатайтуға да септігін тигізеді. Ендеше 1 шай қасық тұзды 1 стақан суға саламыз да, қолымызды 15 минут бойы салып отырамыз. Бұл суға кез келген эфир майының 2-3 тамшысын қосуға болады. Осындай тазалаудан кейін қолға міндетті түрде нәрлендіргіш крем жағу қажет. Сонымен қатар қолыңызға арналған жасартқыш сұйықтықты өзіңіз-ақ үй жағдайында жасай аласыз.  Ол үшін 2 ас қасық 3% сутек тотығы мен 2 ас қасық глицерин қажет. Осы сұйықтықты иық тұсыңыздан бастап саусақтардың ұшына дейін жағыңыз. 1-3 минут бойы массаж жасай отырып сіңдіру қажет. Сосын артынан жылы сумен жуып тастайсыз. 

Күз-қыс мезгілінде қолдың жарылуы жиі кездесетін жайт. Сондықтан түнгі ұйқыға жатарда майлы крем немесе кез келген өсімдік майын жағыңыз. Сонымен қатар жарылған қолдарға вазелин жағып, сыртынан резеңке қолғап киіп алыңызда, 2-3 сағат жүріңіз.

Ал қолды ағарту үшін білегіңізге дейін картоптың қабығын қойып қойыңыз. Немесе 1 стақан суға 200 грамм арпа ұнын қосып қолыңызға жағыңыз да 10 минут күтіңіз. Сонымен қатар құтыдағы йогуртқа жарты лимонның шырынын араластырып, 3-5 сағат бойы тоңазытқышқа салып қойыңыз. Содан кейін ғана оны қолыңызға жағып, 15-20 минут ұстаңыз.

Аяқ күтімі

Аяғыңыздың таза әрі әдемі болғанын қаласаңыз, аяқты тым құрығанда аптасына 1 рет тазалап тұруды әдетке айналдырыңыз. Ол үшін аяқты ыстық немесе жылы суға салып тазалап жуып аламыз. Терісі жұмсарған кезде арнайы кеуектаспен немесе щеткамен қабыршақтанған жерлерін тазартамыз. Алайда қырғышпен қыруға болмайды. Содан соң артынша крем жағып, шұлық киіп алыңыз.аяқтың таза әрі әдемі болуы оны күнделікті жуғанға байланысты. Эфир майлары немесе түрлі емдік шөптерден дайындалған тұнбамен аяққа ванна қабылдап тұрсаңыз пайдасы зор. Теңіз тұзын қосып ванна қабылдасаңыз да аяғыңыз нәрлене түседі. Ал аяғыңыз шаршағанда салқын және ыстық сулармен қарама-қарсы ваннаны қабылдасаңыз, аяғыңызды ісінгені басылып, жеңіл сезініп қаласыз. Ол үшін бір ыдысқа ыстық, ал екінші ыдысқа салқын су құйып, аяғыңызды кезек-кезек сол суларға салып отырыңыз.

Н. Үсенова