Стрестің шашқа әсері

Стрестің шашқа әсері

Стрестің бүкіл ағзамыздың денсаулығына, көңіл- күйімізге жаман әсер қалдыратыны белгілі. Ал шашқа тигізетін қандай зардабы бар? Одан қалай сақтанса болады?

Тым құрғақ не тым майлы шаш

Стрестің әсерінен бас терісінің майы бөлінуі артып не бәсеңдей алады. Бұл ағзаңыздың қиын жағдайда қалай әрекет ететініне байланысты. Нәтижесінде не майлы, не тым құрғақ шаш. Мәселенің шешімі - қалыпты шашқа арналған сусабын. Ол бас терісінде май бөлінуін бір қалыпқа келтіреді. Шашыңыз тым құрғақ болса, шаш жуғаннан кейін, бас терісіне жуылмайтын кондиционер жағыңыз: ол теріні ылғалдандырып, шашты жұмсартады. Ал егер шашыңыз тым майлы болса, шаш сәнін жасағанда шашқа арналған опа қолданыңыз. Ол артық май бөлінуіне бөгет болады.

Шаш ұшықтанып, түседі

Стресс шаш фолликулаларының қабынуына әкелуі мүмкін. Нәтижесінде олар шашқа қоректік заттар бермей, шаш құрғап, ұшықтанып, түсе бастайды. Бұған қоса, егер шаштың ұштарын қайта-қайта саусаққа орауды әдетке айналдырсаңыз, бұл оның жағдайын ушықтыруы мүмкін. Шашты артқа жинап, түйіп жүріңіз: осылайша ұштарын артық ұстамайсыз. Ұштануға қарсы ылғалдандыратын маскалар қолданыңыз. Металл және пластик тарақтарын ағаш, табиғи материалдардан жасалынған тарақтармен алмастырыңыз. Рационыңызға май қышқылдарына бай тағамдар қосып, су ішіңіз.

Шаштағы бояу ұзаққа сақталмайды

Жиі стрестер шаштағы су мен қоректік заттардың балансын бұзады. Құрғақ, сау емес шашта бояу жаман сақталады. Сондықтан шашты қына сынды табиғи заттармен бояңыз. Химиялық бояулар шаштың саулығын одан әрі бұза алады. 

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: rastikosa.com

С. А