Гель-лакты қалай кетіруге болады?

Гель-лакты қалай кетіруге болады?
Фото: Imanicure

Гель-лак – тырнақ дизайны саласындағы жағымды әрі құнды жаңалық. Оның басты артықшылығы – беріктігі, ол тырнақта 3 аптаға дейін тұрады. Үй шаруасын жасасаңыз да, ол біразға дейін өңін жоғалтпайды. Бірақ оның жағымсыз жағы да бар. Гель-лакты өз бетіңізбен кетіру қиынға түседі. Гель-лакты үйде кетірудің бірнеше әдісін ұсынамыз.

Гель-лакты кетіру үшін қарапайым лакқа қарағанда ұзағырақ уақыт керек. Гель-лакты кетірер алдында барлық қажетті затты дайындап алыңыз.

Қажетті құралдар:

- арнайы ремувер немесе лак кетіруге арналған сұйықтық;
- аспаздық жұқалтыр (фольга) бөліктері;
- мақта дискілері;
- егеуіш;
- фен немесе УК-шам;
- вазелин немесе кез келген май;
- қолға арналған крем.

Гель-лакты арнайы ремувермен кетіру

Егер сізде арнайы ремувер болса, онда гель-лакты мынадай жолмен кетіресіз.

1. Егеуішпен тырнақтың жоғарғы қабатын кетіріңіз. Онымен маникюр үстінен өту арқылы қатты лакты кетіруді жеңілдетесіз.
2. Тырнақ айналасындағы теріге вазелин немесе косметикалық май жағыңыз.
3. Әр мақта дискісін 4 бөлікке бөліңіз. Оның бір бөлігі бір тырнаққа қолданылады. Бастысы ол тырнақты толықтай жауып тұру керек.
4. Мақта диск бөліктерін арнайы ремуверге батырып алыңыз. Содан соң оларды тырнаққа қойып шығыңыз.
5. Тырнақтағы мақта бөліктерін жұқалтырмен орап, бекітіп қойыңыз. Оны сыртынан фенмен немесе УК-шаммен қыздырыңыз. Ремувердің сыртында қанша уақыт ұстау керектігі жайлы нұсқама болады. Әдетте, оны 10 минут шамасында ұстау керек. Бірақ жұқалтырды аларда лак толықтай қатпарланғанын тексеру керек.
6. Қатпарланған гель-лакты алып тастаңыз. Қолыңызды жуып, оған крем жағыңыз.

Гель-лакты арнайы ремуверсіз кетіру

Егер сізде қарапайым лак кетіретін сұйықтық болса, берік лакты кетіруге соны қолдана аласыз. Ол үшін құрамында ацетон болуы тиіс. Егер маникюрді осы жолмен кетіремін деп шешсеңіз, оның екі әдісі бар.

Бірінші әдіс. Лак қалыпты түрде өшіріледі, яғни, жоғарыда айтылған әдістегідей лакты мақта дискілері мен жұқалтырды орау арқылы кетіреді. Тек арнайы ремувер орнына лак кетіретін сұйықтықты қолданады.

Екінші әдіс. Гель-лакты жұқалтырсыз кетіруге болады. Ол үшін егеуіш, шағын ыдыс, лак кетіретін сұйықтық, тығыз құрылымды крем керек. Алдымен лактың жоғарғы қабатын егеуішпен егеп жіберіңіз. Саусағыңызға майлы крем жағыңыз. Ыдысқа лак кетіретін сұйықтықты құйып, оған саусақты салып, 8-10 минут ұстаңыз. Апельсин ағашынан жасалған таяқшамен тырнақтағы гель-лакты алып көріңіз. Содан соң қолыңызды жуып, крем жағып қойыңыз. Бұл әдіс аса оңай емес. Ацетонда қолыңызды ұзақ ұстау теріге зиянын келтіруі мүмкін. Егер теріңіз сезімтал болса, бұл әдісті қолданбаған жөн. 

Гель-лактан соң тырнаққа міндетті түрде күтім жасау керек.

А. Жапатова