7 күнде 7 кг артық салмақтан арылу

7 күнде 7 кг артық салмақтан арылу
Фото: FoodandHealth

Әлем бойынша көптеген әйелдің көңілінен шыққан «сүйікті диетаны» ұсынамыз. Бұл диетаның артық салмақтан жылдам арылуға көмектесетіндігі туралы пікірлер көп.

«Сүйікті диета» 7 күнге созылады. Оның әр күні бір бағытқа арналған. Бұл тамақтанудың реттелген жүйесі өзіне кең таралған жеңіл тамақ берілетін күндердің үлгісін біріктірген. Оның мәзірі әртүрлі болғанымен, ол қатаң диеталардың біріне жатады. Диета кезінде тамаққа бірден шектеу қойылатындықтан, ағзаға күш түсуі мүмкін. Сондықтан бұл диетаны ұстауға дайын екеніңізге сенімді болыңыз.

1-күн. Сұйықтық ішу

Бірінші күн – ең жауапты күн. Кез келген мөлшерде тек сұйықтық ішуге болады. Жылы су, шай, кофе, сүт, қосымшасыз йогурт, майлы емес айран, қантсыз шырын және тұзсыз әрі дәмдеуішсіз сорпа ішуге болады.

2-күн. Көкөніс жеу

Екінші күні тек көкөніс жеуге рұқсат етіледі. Картоптан басқа барлық көкөністі жеуге болады. Қандай күйде (шикілей, суға қайнатылған немесе буға пісірілген) жегіңіз келетінін өзіңіз таңдаңыз. Салат жасасаңыз, көкөністерді өсімдік майымен немесе лимон суымен араластыруға болады. Алайда көкөністерді тек сағат беске дейін ғана жеу керек.

3-күн. Сұйықтық ішу

1-күнді қайталаңыз.

4-күн. Жеміс-жидек жеу

Төртінші күні өзіңізді шектеусіз мөлшерде шырынды жемістермен еркелетіңіз. Тек банан мен жүзім жемеуге тырысыңыз. Олардың құрамында қант мөлшері көбірек болып келеді.

5-күн. Ақуызды тағам жеу

Бесінші күні ағзаңызды ақуыздармен тойдырасыз. Ол күні тауықтың төс еті, піскен балық, теңіз тағамдары, жұмыртқа, йогурт және сүзбе жеуге болады. Тамақтарды сағат беске дейін ғана жеуге болады.

6-күн. Сұйықтық ішу

1-күнді қайталаңыз.

7-күн. Теңдестірілген тамақтану

Соңғы жетінші күн қалыпты тамақтануға көшуге дайындаласыз. Осы апта бойы жеген тамақтардың барлығы рұқсат етіледі.

Мысалы:
- Таңғы ас: 2 жұмыртқадан жасалған омлет;
- Ланч: жеміс салаты;
- Түскі ас – тауық етінен жасалған көкөністі сорпа;
- Бестік: айран мен сүзбе;
- Кешкі ас: көкөніс салаты.

Диета тиімдірек болуы үшін қажетті мөлшерде су ішуді ұмытпаңыз және физикалық жаттығулар жасаңыз. Диета аяқталған бойда фаст-фуд немесе ауыр тамақтар жеуге бірден кіріспеңіз. Алынған нәтижені сақтау үшін дұрыс тамақтануды қолға алыңыз. Диетаны ішек-қарын жолы, бұйрек, бауыр, жүрек аурулары бар адамдарға және бала емізетіндер мен жүкті әйелдерге ұстауға болмайды.

А. Жапатова