Аскөктің арықтауға пайдасы

Аскөк – биологиялық белсенді және минералды заттардың көзі. Оның жапырақтары мен бұтағы ақуыздар, майлар, көмірсулар, дәрумендер, макро және микроэлементтер ерітілген сумен жабдықталған. Аскөк денсаулыққа пайдасымен қатар, артық салмақтан арылуға да көмектеседі.

Арықтауға аскөкті пайдалану

Сымбатты дене бітіміне жетудегі қарапайым құралдың бірі – аскөк шайы. Оны дайындау өте жеңіл. Жуылған аскөк будасын алып, ұсақтап турау керек. Бұл мөлшерден 3 ас қасық аскөкті ыдысқа салып, оған 0,5 л қайнаған су құйыңыз. Бұл ыдысты отқа қойып, қайнаған соң 5 минут жай отта ұстаңыз. Дайын сусын суыған соң сүзіп алыңыз. Аскөк шайын күніне жарты стақаннан үш рет тамақтанудың алдында ішу керек.

Аскөкті ақжелкенмен бірге қолдануға болады. Ол үшін кептірілген 1 ас қасық аскөк пен 1 ас қасық ақжелкен керек. Оны шәйнекке салып, қайнаған су құйыңыз. Шайды 15 минутқа қалдырыңыз. Уақыт өткен соң қарапайым шайдың орнына осы дайындаған шайыңызды ішіңіз. Алайда күніне 1,5 литрден артық ішуге болмайды. Себебі оның қатты несеп айдағыш әсері бар.

Арықтауға аскөк тұқымын қалай пайдаланады?

 1 ас қасық аскөк тұқымына 250 мл қайнаған су құйып, бетін 60 минутқа жауып қойыңыз. Дайын сусынды сүзіп, күніне үш мезгіл тамақтану алдында 100 мл-ден ішу керек. Егер артериялық қысымыңыз төмен болса, бұл сусынды абайлап ішіңіз.

Аскөк тұқымы қызылмия (солодка) шөбімен бірге артық салмақтан арылуға жақсы көмектеседі. Бұл екі ингредиентті балғын немесе кептірілген түрін ұсақтап турау керек. Ол 1:4 пропорцияда болуы қажет. Оны ыдысқа салып, үстіне 750 мл су құйыңыз. Сұйықтық қайнаған соң, жай отта 20 минут ұстаңыз. Қайнатпаны сүзілген және жылы күйінде күніне 3-4 рет тамақтанудан соң жарты стақаннан ішу керек. Бұл сусын қарныңыз тоқ секілді сезім тудырады.

Айранда ішектер мен иммунды жүйенің жұмысына пайдалы бифидо және лактобактериялар көп. Айран арықтауға көмектесетін керемет өнім, ал аскөкпен бірге оның пайдалы қасиеті еселенеді. Арықтатын сусынға майлылық үлесі аз айранды таңдаңыз. Сусынды дайындау үшін аскөктің аз мөлшерін  ұсақтап, айранға қосыңыз. Бұл сусынға қиярды да қосуға болады. Ол кезде үш ингредиентті блендермен араластырыңыз. Бұл сусынды жеңіл тамақ берілетін күндері қолданған жақсы.

Егер айран ішкенді ұнатпасаңыз, аскөкті сүзбемен бірге жеуге болады. Сүзбе – адам ағзасына қажетті ақуыз көзі. Мұндай тағамды кешке таман жесеңіз, қарныңызды тоқ етіп ұстағандықтан ұйықтар алдында тамақ жегіңіз келмейді. Оны дайындау үшін таза аскөкті ұсақтап турап, сүзбеге қосыңыз. Қосымша ретінде оған көк жуа мен ақжелкен де қосуға болады.