Ләйлә Сұлтанқызы жасанды сұлулық туралы

Ләйлә Сұлтанқызы жасанды сұлулық туралы
Фото: wallpaperstock.net

Келісті кескін, әдемі пішін, сұңғақ бой, тізе берсең көп. Сұлулық үшін әлем сұмдық күрес жүріп жатыр. Орысша айтқанда, «каждый по-своему сходит с ума». Үрілген еріндер мен керілген қастар. Қазіргі қыздардың бәрі әдемі. Бірінен-бірі асып тұр. "Әдеміліктің көптік етпейтіні" де бар. Бірақ, сол үрілген еріндер анау жұмбақпен ("ти" десем тимейді, "тиме" десем тиеді) сәйкес келер ме екен?! Пластикалық отадан кейін не болады?! Егер сізге табиғат сұлулығын сыйламаса, не істеу керек?!

Пайдасы (+) мен зиянын (-) жазайын. Шағын ғана зерттеу деп қабылдаңыз. 

1. Ең алдымен табиғи болмысыңыз бүлінеді. Әрине, егер табиғилықты сүйетін жан болсаңыз, бұл үлкен (-) кемшілік. Сөздің шыны керек, қазіргі қыздардан табиғилық түк байқалмай барады.

2. Құрамы кремний мен оттегіден тұратын силикон әп-сәтте сұлу болуға көмектеседі. Аз уақыттың ішінде айнадан өзіңіз қалаған аруды көре аласыз. Бұл, меніңше, «+» жақсы.

3. Ота жасамай-ақ, түрлі инелердің көмегімен жиырылып қалған бет терісін жазып, әжімдерден арылуға болады. Өңіңіз жасарып, тартымды түрге ие боласыз. Оған мен айтпастан өзіңіз де «+» қояр едіңіз.

4. Рестилайн көмегімен жарылғыш ерніңіз қалпына келіп, құрғақтығымен күреседі. Егер ерніңіз ассиметриялы болса, бұл әдіспен қалауыңызға қол жеткізе аласыз. «+»

5. Шекті білген жөн. Артық қылам деп, шамадан тыс кету ерінді қызанақ қылады. Оны қалпына келтіру оңай емес. Беттің жүйке клеткасы зақымдануы мүмкін. Ендеше «-».

6. Сырты сұлу болғанымен үрілген еріндер уақыт өте қауіпті ісік тудыру қаупі бар. Содан соң ол сезу қабілетін жоғалтады. «-»

7. Қас та біз үшін маңызды. Ол арқылы ренжу, таңғалу, түсінбеу сияқты сезімдерді жеткіземіз. Сондықтан оның да келісті болғаны жақсы. Кейде күнделікті күтімнен, бояудан шаршайсың. Ассыққанда үлгермейсің – «-». Қазір татуаждың түрі көп (3d, 6d, перманентті татуаж). Әдемі әрі шынайы түрін таңдай білсеңіз, таңертеңімен қасыңызбен алыспайсыз. Суда да, үйде де, түзде де сұлу қасыңыз сақталады. Оған «+» дейік.

Шетелде идеал болам деушілер көп. Мысалы, француздың қуыршағына ұқсағысы келген жапондық модель жылына 102 мың АҚШ долларын жұмсайды екен. Эхнатонның Нефертитиіне айналуды көздеген Нилен Намита есімді әйел 51 рет пластикалық ота жасатқан. Ал тірі қуыршаққа айналғандардың тізімі көп.

Айтпағым, сұлу болу үшін ақыл-естен айырылудың қажеті жоқ. Әйелдің бәрі әдемі! Қыр мұрын, қиғаш қас, қолаң шаш, әрине, әдемі ерін...

Г. Берік