Арықтау: Қаражидек диетасы

Қаражидек барлық аймақта бірдей өспегендіктен, оның арықтауға пайдасы бар екенін көпшілік біле бермейді. Қаражидек құрамында майды ыдыратуға көмектесетін заттар бар. Осы жидекті жеу арқылы және қаражидек шырынын ішу арқылы зат алмасу процесін жылдамдатып, тәбетті азайтуға болады.

Қаражидектің маңызды қасиеті – құрамында антоциан-антиоксиданттар мөлшері көп. Олар онкологиялық аурулардың алдын алуды қамтамасыз етеді және ісіктердің дамуын баяулатады. Сонымен қатар, қаражидек пектиндерге бай, олар ішек-қарын жолын токсиндерден және ауыр металл тұздарынан белсенді түрде тазартады. Зерттеулер нәтижесі бойынша, қаражидектегі полифенолдар майлы тіннің түзілу процесін баяулатады екен. Мұндай шешім, диетологтарды қызықтырып, олар қаражидекті «мінсіз өнім» деп атаған. Қаражидек диетасының бірнеше әдісін ұсынамыз.

Қаражидек диетасы: 3 күн – 2 кг

Қаражидек диетасының бұл әдісі арқылы 3 күнде 2 кг артық салмақтан арылуға болады. Бұл диета тері мен шашты «балғын» етеді, сондықтан оны кейде «жасартушы» диета деп те атайды. Мәзір бір күнге беріледі, ал қалған екі күнде азық-түліктердің орнын ауыстыруға болады.

Тамақтану мәзірі

Таңертең: майсыз айран, тәтті емес жемістерден (апельсин, жасыл алма, шабдалы және т.б) дайындалған және бадам жаңғағы қосылған салат, 1 кесе қаражидек;

Түскі ас: аздап қайнаған жасымық (чечевица), зәйтүн майымен араласқан салат (болгар бұрышы, қызанақ, орамжапырақ, көк жуа), 1 стақан жаңа сығылған қаражидек шырыны;

Кешкі ас: картопсыз кез келген сорпа, бір тілім майсыз ірімшік, 1 кесе қаражидек.

Күніне 1,5 л су ішу керек және жаңа сығылған тәтті емес жемістер шырынын ішуге рұқсат етіледі.

Қаражидек диетасы: 3 күн – 4 кг

Диетаның бұл әдісі қатаңдау. Күніне осы тізімде көрсетілген өнімдерді 4-5 рет қабылдауға болады.

– 600-800 гр қаражидек (шамамен 3-4 стақан);
– табиғи йогурт немесе майлылығы төмен сүзбе (300 гр);
– 0,5 л айран.

Қаражидекті сүзбеге және айранға қосып жеуге болады. Ұйықтар алдында қаражидек пен айран коктейлін ішуге болады. Ол үшін 100 г айранды немесе табиғи йогуртты және 100 гр қаражидекті блэндермен араластыру қажет. Егер әр 3-3,5 сағат сайын тамақтансаңыз, қарныңыз ашпайды.

Қаражидек сусындары

Диета нәтижесін тұрақты ұстап тұруға қаражидек сусындары көмектеседі. Аптасына бірнеше күн таңғы немесе кешкі асыңызды қаражидек сусындарымен ауыстыруға болады. Мынадай қаражидек сусындарын дайындап көріңіз:

– 100 гр қаражидекті езіп, оған 1 стақан сүт құйып және 2 шай қасық бал салып, барлығын жақсылап араластырыңыз;
– 0,5 стақан қаражидек шырынына 2 шикі жұмыртқаның сарысын, 20 гр кілегей және 4-6 текше мұз салып, көпірік пайда болғанша блендермен араласытырыңыз;
– ¼ стақан қаражидек шырынына үккіштен өткізілген 100 гр майсыз ірімшік салып, блендермен араластырыңыз. Міндетті түрде салқындатыңыз.
– 50 гр қаражидекті езіп, үстіне қайнаған су құйыңыз. Бөлек ыдысқа 1 шикі жұмыртқаның сарысы мен 1 ас қасық балды араластырыңыз. Содан соң екі ыдыстағы қоспаны біріктіріп, ыстық күйінде ішу керек.