Аралас теріге арналған маскалар

Аралас теріге арналған маскалар
Фото: yaostrov.ru

Аралас тері — бет терісінің ең кең тараған түрі. Оған Т-зонаның (маңдай, мұрын, иек) майлы бөліктері, сонымен қатар, басқа бөліктердің құрғақ және қалыпты жерлері кіреді. Ендеше, аралас бет терісіне арналған қандай тиімді маскалар жасауға болатынына тоқталамыз.

Аралас теріге күтім көрсетудің негізгі шарттары:

- Т-зонадағы майлы жылтырдан және безеуден құтылу;
- Қара нүктелерді жою;
- Көздің айналасын және басқа да құрғақ жерлерді ылғалдандыру;
- Теріні қызару мен қабыршақтанудан арылтып, тегістеу.

Терінің түрі сияқты оған күтім жасау да аралас болуы қажет. Теріні толық күтіммен қамтамасыз етіп, жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін масканы аптасына 2-3 рет жасаған жөн. Әрине, аралас теріге толық күтім алу үшін тек масканың өзі жеткіліксіз. Қосымша скраб, құнарландырғыш крем және майлар да қолданып тұрған жөн. 

Аралас теріге арналған тазартатын маска
Аралас теріге арналған тазартатын маска дайындау үшін қарапайым сұлы қауызы қажет. 1 ас қасық сұлы қауызын 1 ас қасық айранмен араластырыңыз. Қоспаны бет және мойын терісіне жағыңыз. 15 минут уақыт өткен соң, сумен шайыңыз.

Аралас теріге арналған ылғалдандыратын маска
Бұл масканың құрамы өте дәмді. Оны дайындау үшін 2 құлпынай, 2 таңқурай, 1 ас қасық жұмсақ сүзбе және аздап сүт қажет. Жидектерді қасықпен езіп, сүзбемен және сүтпен араластырыңыз. Масканы бет және мойын терісіне жұқа қабат етіп жағыңыз. 25 минут өткен соң, масканы жылы сумен жуыңыз. 

Аралас теріге арналған құнарландыратын маскалар
Бір-біріне ұқсас әсер беретін, теріні құнарландыратын 3 масканың дайындалу жолын ұсынамыз:

- 2 ас қасық алма езбесі және 1 шай қасық балды араластырыңыз. Оған бірнеше тамшы А дәруменін тамызыңыз. 15 минут ұстаңыз;

- 1 ас қасық ашытқыны аздаған сүтпен араластырыңыз. Оған 1 шай қасық бал мен өсімдік майын қосыңыз. Оны бөлме температурасында 20-30 минут уақытқа қалдырыңыз. Масканы бет терісіне жағып, 20 минуттан соң жуыңыз;

- Жарты сәбізді үккіштен өткізіп, 1 жұмыртқаның ақуызымен араластырыңыз. Оған аздап майлы құнарландыратын крем қосыңыз. Барлығын жақсылап араластырыңыз. Масканы бетіңізде 15 минут ұстасаңыз жеткілікті.

А. Жапатова