Бетке арналған маскалар: С дәрумені #2

Бетке арналған маскалар: С дәрумені #2
Фото: just-my-beauty.com

Біздің әжелеріміз тері сұлулығына дәрумендер мен жеміс қышқылдарының пайдасы туралы білгенге дейін де жеміс-жидектерден маска дайындайтын болды. Уақыт өте дәрумендердің әр түрлісін косметикалық құралдарға қолдануға болатыны анықталды. Алайда оларды тұрақтандырып, көп пайда тигізетіндей етіп, тері қабатына терең жеткізуді ұйымдастыру басты мәселелердің бірі болды.

Басы

Майлы теріге арналған маскалар

Терінің бұл түрі С дәруменінен жасалатын маскалармен жақсы үйлеседі. С дәруменінің құрамындағы қышқыл майлы тығындарды ерітіп, ұсақ тесіктерді тазартуға көмектеседі. Қара нүктелерді жойып, бет терісін ажарландыра түседі. Мұндай маскаларды қышқыл және цитрус тұқымдас жемістерден, мысалы, киви, ананас, папайя және т.б. жасаған жөн. Қызанақтан да жақсы маска жасауға болады. Егер масканың құрамы сұйық болып кетсе, оған крахмал немесе сұлы жармасын қосуға болады. 

Киви мен ананас терідегі пигменттік дақтармен күреседі. Мұндай маскалардан соң бет терісі жаңарғандай болады. Бұл эффекті сақтау үшін құрамында С дәрумені бар кремдер қолданған жөн. 

Үй жағдайында жасалатын маскаларды бетке арналған тоникпен толықтыруға болады. Бұрын мұндай тоникті секпілді азайтып, бет терісін тегістеу үшін қолданған. Оның дайындалу жолы қарапайым: бірнеше қасық ыстық суға 10-15 тамшы лимон шырынын қосып, араластырады. Лимон сусынын апельсинмен, мандаринмен, грейпфрутпен немесе ұнтақталған аскорбин қышқылымен алмастыруға болады. Дайын тоникпен бетіңізді және мойныңызды сүртіңіз. Одан кейін жуудың қажеті жоқ. Көздің және еріннің айналасына тигізбеуге тырысыңыз. 

С дәрумені бар маскаларды қолдану ережесі

Мұндай маскалар бет терісіне пайдасын ғана тигізу үшін төмендегі ережелерді сақтаған жөн:

- Теріңіз аллергияға бейім, жұқа, құрғақ және сезімтал болса, масканы қолданар алдында міндетті түрде сынап көріңіз;

- Масканы уақытылы қолданған кезде ғана жақсы нәтиже болады;

- Мұндай маскаларды күннің көзі төмен мезгілде жасаған жөн;

- Егер масканы жаз мезгілінде жасайтын болсаңыз, кешкі уақытқа қалдырыңыз. Масканы жасаған соң күннің көзіне кем дегенде 4-5 сағаттан кейін шығу керек;

- Масканы қолданған соң, бет теріңіздің типіне қарай ылғалдандырушы крем жағыңыз. 

А. Жапатова