Далап таңдай білесіз бе?

Далап таңдай білесіз бе?
Фото: howtogetridofchappedlips.org

Адамның еріні – беттің «көп қимылдайтын» бөлігіне жатады. Сол себепті де, далапты қалай таңдай білгеніңіз, әйел адамның сыртқы келбетін аша түседі. Жалпы ерін бояу әдісін ежелден-ақ қолданған. Тек, бояудың орнына тез жуылатын ерітінді түрлерін пайдаланған.

Жылдар аясында құрамы мен сыртқы келбеті де өзгеріп отырған. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында пайда болған құтыдағы пішіні – бүгінгі біз пайдаланып жүрген қарандаш түрі. Оғанға дейін кішкентай банкаларда шығарылған екен. 30-шы жылдары ерінде көпке дейін сақталатын, айталық, қара торыларға – қою қызыл, ақсарыларға алқызыл түстері, 40-шы жылдары сұлулықтың кескінін айшықтай түсетін ашық түс, ал 60-шы жылдары тым ашық түске боялған еріндер сәнге айналса, 70-80 жылдары жылтыр қоспалы реңктегі түрлері танымалдылығымен белең алған. 

Қай кезде болмасын, ұқыпты, реңі талғаммен боялған ерін сырт көзге бірден ілінеді.

Таңдаған кезде:

– көздің түсіне;

– тері түсіне;

– шаштың түсіне;

– тістің түсіне;

– еріннің көлеміне;

– адамның жас мөлшеріне;

– жыл мезгіліне;

– киетін киіміңізге;

– қосымша аксессуарларға;

– тіпті мерекелік жиын жерде жарықтың түсуіне де мән берген жөн!

Алғашқы үшеуі сырт келбеттің негізгі типін анықтайды. Соған орай киімнің түсі, беттегі макияж,тіпті далап та сәйкес болуы шарт. Айталық, сұр көздерге табиғи (тері өңдес) түстер, көк көздерге ашық қызғылт пен шие реңді,жасыл көздерге қызыл-сарғыш реңді, қоңыр көздерге қоңыр,қызыл, қызғылт реңді сай келеді. Еріннің көлеміне де назар аударған жөн. Ашық түсті далап еріннің көлемін ұлғайтып, ал қою түстер керісінше кішірейтіп көрсетеді.

 Құлақ түрер кеңестер:

1. Егер ерініңізді ұлғайтып көрсеткіңіз келсе, шеттерін далап түсіне өңдес қарандашпен сызып шығыңыз. Ал далапты баппен ортасына жағасыз

2. Мүмкіндік болса, қарандаш пен далап реңінің өңдес болғаны абзал.

3. Тағы бір назар аударатын жайт, ерніңіздегі бояу сырт көзге көрнекті көріну үшін, қарындашты жиі ұштап отырған жөн.

4. Сізге түсі ұнамай қалған далаптан құтылуға асықпаңыз. Арнайы бояу жаққыштың /кисточка/ көмегімен, басқа түсті далап бояуы қоспаларын араластыра отыра, өзіңізге ұнаған реңді ойлап табуыңызға да болады.

5. Кейбір әрлеушілер /гример/ далапты дұрыс пайдалану үшін, тоңазытқышта сақтауға кеңес береді екен.

Дереккөз: anabol.kz

Г. Берік