Тридинг туралы не білеміз?

Тридинг туралы не білеміз?

Тридинг немесе жіпті эпиляция – беттегі немесе терінің басқа бөлігіндегі түктерді арнайы косметикалық жіптің көмегімен жұлу рәсімі. «Тhread» - ағылшын тілінен аударғанда жіп деген мағынаны білдіреді. Бұл техниканы алғаш Орта Азия және Шығыс елдері қолданған.

Шебер косметикалық жіптің көмегімен түктерді түбінен жұлып тастайды. Осыдан кейін денедегі түктер баяу өседі. Оның артықшылығы – эпеляция рәсімін жылдам жүргізіп, түктерді түбінен жұлуында. Мұнымен қатар, косметикалық жіп теріні зақымдамайды. Ең бірінші рет қолданған кезде ғана тері аздап қызаруы мүмкін. Артынша үйреніп кетеді. Әдетте тридингті қастың астындағы және еріннің үстіндегі мұртшаларды жұлу үшін пайдаланады. Оның көмегімен іштегі және аяқтағы түктерді де жұлуға болады. Шебер рәсімді бастамас бұрын теріні булау арқылы жұмсартады. Осылайша эпиляция жасаған кезде дене ауырмайды.

Тридингке дейін және кейін міндетті түрде дезинфекция қажет. Бұл ағзаға артық инфекцияның түсуінен сақтандырады. Рәсімді салондарда жасайды, десе де техниканы өзбетіңізше меңгеріп алып, үйде жасап көруіңізге болады.

Қандай жағдайда тридинг жасауға болмайды?

- денеде жаралар болғанда;

- ұшық шыққанда;

- варикоз болғанда;

- тромбофлебит;

- инфекция;

- жүктілік және лактация кезінде.

Оны кез келген уақытта жасауға болады. Тәуліктің қай уақытында жасайтыныңыздың маңызы жоқ. Дене ауырмау үшін етеккір кезінде одан бас тартқан жөн. Рәсімді айына бір рет жасап отырсаңыз жеткілікті. Нәтижесінде теріңіз жұмсарып, түктерден ұзақ уақытқа арыласыз.

Өзге эпиляциялық тәсілдерге қарағанда, аса ауыртпайды.

Қ. Бүйенбай