Бет күтімі: ылғалдандыру әдістері

Бет күтімі: ылғалдандыру әдістері
Фото: golovnie-boli.ru

Жаз бітті, демек бетке арнайы күтім жасайтын уақыт келді. Жақындап келе жатқан қыстың суығы бетті құрғатып, қабыршақтандырып жіберуі мүмкін. Сондықтан қазірден бастап теріні ылғалдандырғаныңыз жөн.

1. Бал-жұмыртқа маскасы бетті жақсы ылғалдандырып, тазартады. Ол үшін екі жұмыртқаның ақуызын 40 гр бал мен жарты шай қасық зәйтүн майымен араластырыңыз. Қоспаға 2 ас қасық сұлы қауызын қосып, бетке жағыңыз. 20 минуттан соң жылы сумен жуып, салқын сумен бетіңізді шайыңыз. Бұл маска беттің майлы типіне арналған.

2. Жұмыртқаның саруызын 1 ас қасық кілегей мен 1 шай қасық сәбіз шырынымен араластырыңыз. Бір тектес қоспа болғанда бетке жағыңыз. 15 минуттан соң жылы сумен жуып тастаңыз. Бұл қоспа бе терісін ылғалдандырып қана қоймай, тазартып, жасартады.

3. Бетіңіз тым құрғақ болса, 2 ас қасық сұлыны сүтпен қайнатып алыңыз. Оған 1 шай қасық бал қосып, жылы күйінде бетке жағыңыз. 15-20 минуттан соң жылы сумен жуып, тазартыңыз.

4. Сүзбе маскасы терінің тітіркенуін басады. Оны дайындау үшін 2 ас қасық майлы сүзбе мен 1 ас қасық балды араластырыңыз. Қоспаны бетке жағып, 15-20 минуттан соң жуып тастаңыз.

5. Шырғанақ маскасы да бет терісін жақсы ылғалдандырады. Оны дайындау үшін дәкені бірнеше рет бүктеп, шырғанақ шырынымен сулаңыз. Бетті алдын ала тазартып алған соң дәкені сығып, бетіңізді сүртіңіз.

Әр адамға әртүрлі маска көмектеседі. Бірі сүзбе маскасын мақтаса, екіншісі сәбіз маскасы көмектеседі деп айтады. Сондықтан өзіңізге лайықтысын таппайынша барын байқап көріңіз. Масканы аптасына 3 реттен артық жасамауға кеңес береміз.

Ф. Абилова