Салмақты қалыпта ұстаудың әдістері

Салмақты қалыпта ұстаудың әдістері
Фото: povar.ru

Көптеген қыз-келіншек диета ұстағаннан кейін қайтадан салмақ қосып алатынын айтады. Мұндай жағдайдың алдын алуға бола ма?

Диета дегеніміз – дұрыс тамақтану тәртібі. Бір не екі апта диета ұстаған соң сіз бұрынғы тамақтану тәртібіне ораласыз. Дұрыс тамақтанбауыңыз қайтадан салмақ жинауға әкеліп соғады.

Таңғы ас – тәңірден демекші, таңертең сұлы не күріш ботқасымен тамақтаныңыз. Күндіз ет, балық, ақуыз жесеңіз, кешке жеңіл сорпа не айран ішуіңізге болады. Кейбір адамдар «көп тамақ жемесе де, семіреді» деп қапаланады. Күні бойы тамақ жемей, түнде не кешке тойып тамақтансаңыз, артық салмақ қосуыңыз әбден мүмкін.

Көбіміз тәтті, қуырылған тағамдар мен нан-тоқаш өнімдерінен бас тарта алмайды. Сондықтан күніне 80 пайыз пайдалы тағам, яғни ет, балық, жеміс, сүтті тағамдар, көкөніс, жаңғақ жесеңіз, 20 пайыз тәтті-пәттілер, бәліш не кептірілген тағам жеуіңізге болады. Мұндай жағдайда артық салмақ қосуыңыз екіталай.

Зиянды, артық салмақ қосуға әсер ететін тағамды түскі сағат 12-ге дейін жеу керек. Себебі, таңертең жеген тағамыңыз май емес қуатқа айналады.

Күніне үш рет тамақтану деген ұстаным міндетті емес. 5-6 рет аз-аздан жүрек жалғап тұруыңызға болады. Дастарқан басынан тойып шығу шарт емес. Себебі, тағам бірден асқазанға жетпейді. «Тоймаған сияқтымын» деген кезде үстелден тұрып кете беруіңізге болады.

Кешкі астың алдында физикалық жаттығуға уақыт бөліңіз. Жүгіріп, пресс жаттықтырып алуыңызға болады. Жаттығудан шаршап келгеніңізде көп тамақ жей алмайсыз, тәбетіңіз де басылады.

Аптасына бір күн тек жеміс жеңіз. Мұның арқасында ағзаңыз тазарып, қуаттанады. Моншаға барып, ағзадағы токсиндерді шығарсаңыз, нұр үстіне нұр болар еді.

Ф. Абилова