Балет биі адам денсаулығына қалай әсер етеді?

Балет биі адам денсаулығына қалай әсер етеді?
Фото: rudaki.ru

Халықаралық «Prix de Lausanne» балет конкурсы 26 қаңтарда басталады. Бұл сайыста қатысушылардың дайындығынан бұрын денсаулығына көп мән беріледі. Тәжірибелі дәрігер Карло Багутти сайыскерлердің жарақат алғаннан кейінгі жағдайына, әлсіздігі мен тамақтану тәртібіне қатаң бақылау жүргізеді.

«Prix de Lausanne» (Лозанна сыйлығы») - халықаралық деңгейде өтетін, ең маңызды сайыстардың бірі. Оған әлемдегі барша жас талант қатысып, бағын сынайды. 1973 жылдан бастап өткізіліп келеді. Көпшілік мұны мансап жолын кәсіби әрі халықаралық деңгейде бастау мүмкіндігі деп біледі. Балетпен айналысып, аталған сайысқа қатысу үшін төзімділік пен денсаулық қажет.

Карло Багутти (Carlo Bagutti) 15 жылдан бері «Prix de Lausanne» сайысының бас дәрігері қызметін атқарады. Ол балеттің адам денсаулығына қаншалықты пайдалы және зиян екенін жақсы біледі. Кезекті материалымызда шетелдік әріптестеріміздің Карломен болған сұхбатын аударып беруді жөн көрдік.

- Балалардың денсаулығында көбінесе қандай «ақаулар» болады?

- Ағзаның физикалық күйімен байланысты қиындықтар көп кездеседі. Бұл арқаға, омыртқаға, аяққа және тізеге байланысты айтылып жатыр. Қатысушылар би кезінде техникалық қателер жіберіп, денсаулығына зақым келтіреді. Бұдан өзге ағзаның үздіксіз жаттығулардан шаршайтын кезі болады. Жарақаты өміріне қауіп төндірмес үшін оларды сайыстан дер кезінде шығаруға тырысамыз.

- Сыртқы келбетіміздің сұлулығы жейтін тамағымызға байланысты екені рас. Егер бишілердің тамақтану тәртібі дұрыс болса, олардың денсаулығы да сау болғаны ма?

- «Prix de Lausanne» конкурсына қатысушылар әлемнің түкпір-түкпірінен келеді. Олардың әрқайсысының тамақтану тәртібі де әртүрлі. Мысалы, аустралиялық қатысушының тамақтану тәртібі бразиялық және кореялық қатысушыдан өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан бәріне ортақ диета жоқ. Ас мәзірі қатысушының қалауына байланысты тағайындалады. Бірақ олар дайындық барысында жоғалтқан калорияны қайтадан қалпына келтіріп отыруы тиіс. Бишілер де, спортшылар да осылай жасайды.

- Сіз қатысушылардың мәдениетіндегі айырмашылық туралы айтып өттіңіз. Яғни қатысушыларға өз Отанында тұтынатын азық-түліктерден ас әзірлеп бересіздер ме?

- Мысалы, көмірсуды алайық. Азиялық қатысушы оның күріштің құрамында, ал америкалық жүгерінің құрамындағы болғанын қалайды. Ас мәзірін дайындайтын кезде олардың жеке қалауы да ескеріледі. Бұдан өзге сүтті ұнатпайтын сайыскерлер болады. Оларға ағзадағы кальцийдің орнын толтыратын азық-түлік іздеуімізге тура келеді. Қысқасы барлығына ортақ диета жоқ.

Қ. Бүйенбай