Адамның көз жасы денсаулыққа пайдалы

Адамның көз жасы денсаулыққа пайдалы
Фото: rudaki.ru

Осы күнге дейін күлкінің пайдасы туралы көп айтылып келді. Ал жылау туралы мүлдем кереғар пікір айтылатын. Ғалымдардың айтуынша, күлген кезде иммунитетіміз нығайып, жылаған кезде денсаулығымыз мықты бола түседі екен. Ұлыбритания мен АҚШ ғалымдары адамның көз жасына байланысты ауқымды зерттеу жүргізді.

Миннесота штаты мен британиялық Ланкастер университетінің ғалымдары адамның көз жасының денсаулыққа пайдалы екенін анықтады. Бар мәселе қаншалықты көп жылайтынымызға байланысты екен. 

Миннесота университетінің мамандары аз уақыт жылаған адамдардың 88,8%-ының көңіл-күйі мен денсаулығы жақсарғандығына көз жеткізген. Жылау арқылы адам күйзелістен арылады. Егер жасты сыртқа шығармаса, ағзада жүрек талмасын болдыратын заттар бөлініп шығады. Әдетте жылаған соң күйзеліс гормоны кортизолдың деңгейі төмендейді.

Тәжірибе жүргізуші профессор Уиллиам Фрейдтің айтуынша, көзден шығатын жастың бірнеше түрі бар. Эмоциялық, физикалық және т.б. Алғашқысының химиялық құрамы екіншісінен өзгеше. Өйткені екінші түрі тәніміз ауырған кезде шығады. Эмоциялық көз жастың арқасында артериялық қысым ретке келеді.

Британиялық мамандар жастың адамның психологиялық денсаулығына тигізер пайдасы зор екеніне назар аударған. Ланкастер университетіндегі зерттеудің жетекшісі болған Кери Купер дұрыс жылай білу керектігін айтады.

Көп адам әлсіздігін жасыру үшін жыламайды. Тек басына түскен қиындыққа өзгелердің назарын аударту үшін жылайды. Егер мұндай мақсатыңыз болмаса, таза ауада жалғыз қалып жылаған жөн. Терең тыныс алудың арқасында ойымыз жинақталып, әрбір ісімізге дұрыс баға береміз.

Қ. Бүйенбай