Тәжікстандық аула сыпырушы қыз әлемдегі ең сұлу әйелдердің қатарына енді

Тәжікстандық аула сыпырушы қыз әлемдегі ең сұлу әйелдердің қатарына енді
Фото: Татьяна Давыдова

Тәжікстан астанасы – Душанбе қаласында көркейту ісімен айналысатын бойжеткен планетадағы ең сұлу әйелдердің тізіміне енгізілді, - деп хабарлайды nur.kz тілшісі ras.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Сұлу әйелдер тізімін The Atlas of Beauty интернет-ресурсы жасаған. Оның негізін румынның бүкіл әлемді аралап жүріп, қыздарды суретке түсірумен айналысатын фотографы Михаэла Норок қалапты.

Осы интернет-сайттағы өнер мен гуманитарлық ғылымдарға арналған «Сұлулық атласы» деген блокта таяуда Душанбенің 19 жасар бойжеткенінің суреті пайда болған.

Өзінің Facebook желісіндегі парақшасына қойған бұл фотоның астына Михаэла «A beautiful street cleaner in Dushanbe, Tajikistan» (Душанбедегі аула сыпырушы сұлу қыз, Тәжікстан) деп жазып қойыпты.

Тәжік БАҚ-тарының хабарлауынша, шын мәнінде Мунира аула сыпырушы емес, гүл өсіруші болып жұмыс жасайды екен. Тәжікстан астанасын көркейтуге үлес қосып жүрген ару жеті адамнан тұратын отбасы мүшелерінің бірден-бір асыраушысы көрінеді.

Мунира мектеп бітіргеннен кейін медицина институтына оқуға түсіп, дәрігер мамандығын алуды армандағанын айтады. Алайда, отбасының жағдайы бұл ойын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген.

Бойжеткен қиындықтың көптігіне қарамастан, мойымау керектігін, өзі үшін ең басты нәрсе алаңсыз жұмыс жасап, өзгелерге тәуелсіз болмау екенін білдірген. Ол бұған қоса өз еңбегімен адал нанын тауып жүргенін, осыны мақтан тұтатынын жеткізген.

Қ. Бүйенбай