Қол күтіміне арналған маскалар

Қол күтіміне арналған маскалар
Фото: vk.com

Қоршаған ортаның зиянды әсерінен ең алдымен қолымыздың терісі бұзылады. Әйел адамның қолына қарап жасын аңғаруға болады деген түсінік бар. Сол себепті ең алдымен қолымызға арнайы күтім жасап, қолды жұмсақ әрі нәзік етуіміз керек.

Назарларыңызға әртүрлі масканың жасалу жолын ұсынамыз. Оларды жасаудың алдында міндетті түрде қолыңызды 2-3 минут ыстық суда ұстау керек.

1. Қайнатылған картоптан жасалатын маска

Қайнатылған екі картопты езіп, 150 гр сүт пен 1 шай қасық өсімдік немесе зәйтүн майын қосып, араластырыңыз. Қоспаны қабатталған дәкеге салып, қолыңыздың үстінен басыңыз. Үстін қағазбен жауып, қолыңызды пакетпен ораңыз. 40 минуттан кейін бәрін алып тастап, қолды жылы сумен жуыңыз.

2. Зәйтүн майы

Зәйтүн майын қыздырып алып, қолыңызды батырыңыз. Мақтадан жасалған қолғап киіп, ұйықтай беруіңізге болады. Егер бұл масканы күндіз жасағыңыз келсе, резеңке қолғап киіп алу керек. 20 минуттан кейін қолыңыздың жұмсарғанын байқайсыз.

3. Кофе маскасы

Қолыңыздың терісі жарылып кетсе, кофенің қоюы жақсы көмектеседі. Оны қолға жағып, 5 минуттан кейін сумен жуып тастап, иісмай жағып қойыңыз.

4. Бал маскасы

Бұл маска қолдың терісін жұмсартады. 1 ас қасық бал, 2 ас қасық зәйтүн майы, жұмыртқа мен бірнеше тамшы лимон шырынын араластырыңыз. Масканы қолға жағып, мақтадан жасалған қолғап киіп алыңыз.

5. Жұмыртқа маскасы

Жұмытрқаның сарысын 1 ас қасық зығыр майы, 2 ас қасық бал мен лимон шырынымен араластыру керек. Суланған қолыңызға масканы қалың етіп жағып, мақтадан жасалған қолғап киіп алыңыз. 2 сағаттан кейін жылы сумен жуып, иісмай жағыңыз.

6. Сәбіз маскасы

Сәбізді үккіштен үгітіп, 1 ас қасық қаймақ пен 1 шай қасық зәйтүн майын қосыңыз. Қоспаны қолға жағып, қағазбен орап, қолғап киіп алыңыз. Бір сағаттан кейін жуып тастаңыз.

7. Шөптен жасалған лосьон

Жолжелкен, түймедақ пен қырмызыдан 1 ас қасықтай алып, бір стақанға салыңыз. Үстінен қайнаған су құйып, 2 сағатқа тұндырып қойыңыз. Уақыт өткен соң 1 ас қасық глицерин қосыңыз. Оған 1 шай қасық бал қосуға болады. Бұл лосьонмен күніне 2-3 рет қолыңызды сүртіп тұрыңыз.

Ф. Абилова