Жаздағы бет күтімі

Жаздағы бет күтімі
Фото: zastavki.com

Жазда бетіміз күн сәулесінің әсерінен майланып кетеді. Беттегі ұсақ тесіктер шаң-тозаңға толып, безеу шығып, бөртеді. Мұның алдын алу үшін не істеу керек? 

Құлпынай

Бірнеше құлпынайды езіп, 1 ас қасық қаймақ не айранмен араластырыңыз. Таза бет терісі мен мойынға жағып, 25 минуттай жата тұрыңыз. Содан соң жылы сумен жуып, иісмай жағыңыз. Бұл маска құрғақ теріге игі әсер етеді. Ал бетіңіз майлы немесе жартылай майлы болса, құлпынайды сұлы қауызы не ұнмен араластырып маска жасауға болады.

Жүзім, қараөрік

Бұл жидектер майлы теріні жақсы тазартады. Жұмыртқа ақуызын көпіршітіп алыңыз. 1 ас қасық жүзім не қараөрік жұмсағын ақуызбен араластырыңыз. Масканы теріге жағып, 15 минуттан кейін салқындау не жылы сумен жуу керек.

Үнемі жүзім шырынымен жуынып тұрсаңыз, әжімдеріңіз жазылады. Ол үшін жүзімді екіге бөліп, бетке жағу керек. Мұны күніне екі-үш рет қайталаған жөн.

Орамжапырақ

Жаңа пісіп, жетілген орамжапырақты ұсақтап кесіп қойыңыз. Жұмыртқаның ағын көпіршітіп, орамжапырақпен араластырыңыз. Масканы бетке жағып, 20 минуттан кейін жылы сумен жуып тастаңыз. Маска бетті тазартып, безеу, бөртулерді емдейді.

Алмұрт

Кішірек үккіште орташалау алмұртты үгіп, бірнеше ас қасық айран немесе йогурт қосып, араластырыңыз. Бұл маска майлы бетке арналған. Оны теріге жағып, 15 минуттан кейін салқындау сумен шайып тастаңыз.

Нәзік тері үшін алмұрт жұмсағын сығып алған жөн. Шырыны бізге қажет емес. Жұмсағына құрғақ сүт қосыңыз. Қоспа тым құрғақ болып кетсе, кішкене сүт қосуға болады. Масканы теріге жағып, 10 минуттан кейін ақжелкен қайнатпасына суланған мақтамен сүртіп тастаңыз.

Бетті жасарту үшін де алмұрт көмектеседі. 1 шай қасық қаймақ пен зәйтүн майын 1 ас қасық крахмалмен араластырыңыз. Қоспаны бетке жағып, үстінен тазарған, майда етіп кесілген алмұрт тілімдерін қойып, қолыңызбен басып тұрыңыз. 15 минуттан кейін жылы сумен жуыңыз.

Шие

2 ас қасық шие шырынына крахмал қосып, араластырыңыз. Қоспа ботқаға айналуы керек. Оны бетке жағып, 20 минуттан кейін салқын суға суланған мақтамен сүртіп тастаңыз. Бұл маска беттегі ұсақ тесіктерді кішірейтіп, теріні жылтырата түседі. Бұл қоспа майлы және қалыпты бет терісіне арналған.

Теріні тазарту үшін шиеден маска дайындау керек. Ол үшін бірнеше шиені езіп, 1 шай қасық бал мен лимон шырынын қосыңыз. 15 минуттан кейін салқын сумен жуып тастаңыз.

Жоғарыда аталған маскаларды пайдаланғаннан кейін міндетті түрде бетке ылғалдандырушы иісмай жағу керектігін ұмытпаңыз.

Ұқсас жазбалар:

Майлы теріні күтуге арналған лосьондар

Секпілден құтылу үшін...

Ф. Абилова