Суық мезгілде дұрыс күтіну жолдары

Суық мезгілде дұрыс күтіну жолдары

Қыз бала суық мезгілде өзіне ерекше күтім жасауы тиіс. Көп жағдайда қыздар сәнге еліктейміз деп қыс мезгілінде ашық киімдер киеді. Тұмау, іштің төменгі бөлігіндегі ауырсыну өздігінен өтіп кетеді деген оймен дәрігерге қаралмайды. Иммунитет төмендеп, маусымдық вирустық ауруларды жұқтыру құбылысы басталады. Осыған орай мамандар бірнеше кеңес ұсынады:

1. Қыздар суық ауа райында құрамында мақта және жүн жібі бар колготкі киюі тиіс. Ал етіктің табаны қалың, терісі табиғи болғаны жөн. Белдемшеден бас тартпай-ақ қоюға болады. Бірақ ол қысқа болмауы тиіс. Белі төмен тұратын джинс шалбар кимеген жөн. Ал үстіміздегі жемпірдің белі ұзын болғаны жақсы.

2. Көшедегі суық орындықтарға отырмағанымыз жөн.

3. Термо іш киімдер киіп жүруге қатысты түрлі пікір бар. Олар, әдетте, табиғи және синтетикалық материалдардан жасалады. Синтетикалық термо іш киімдер (жылуды сақтап тұратын іш киім) ауа өткізбейді, терлетеді. Ал жүн, мақта сынды табиғи маталардан тігілген түрлері дененің дұрыс тыныс алуына кедергі келтірмейді. Сондықтан, қыс мезгілінде далада ұзақ жүретін болсақ, табиғи маталардан тігілген термо іш киімдерді киіп алғанымыз жөн. 

4. Тырысып тұратын джинс шалбарды, сол секілді өзге де киімдерді кимеңіз. Денеге жабысып тұратын киім қан айналым жүйесін баяулатып, кіші жамбас бөлігінде қанның ұйып қалуына себепші болады. Осының салдарынан түрлі ауруға шалдығуымыз мүмкін.

Ағзаның күш-қуатын арттырып, иммунитетті көтеретін жаттығулар жасап, дәрумендерді тұтыныңыздар.

Тұмау кезінде үйден шықпаған жөн. Шыққан күннің өзінде маска киіп алыңыз. Осы кеңестерді ескеру арқылы суық мезгілді аман-есен өткеруге болады.

Сурет: rumbur.ru

Қ. Бүйенбай