Таңертеңгі сұлулық үшін пайдалы кеңестер

Таңертеңгі сұлулық үшін пайдалы кеңестер

Әр қыздың өмірінде таңертең айнаға қарағысы келмейтін кездер болады. Бұған түнгі той-думан, түнгі жұмыс, қарапайым ұйқысыздық та себеп бола алады. Бұл жағдайлардың салдарымен қалай күресу керектігін және келбетіңіздің сұлулығын тез қайтарудың амалдарын осы мақаламызда сөз қыламыз.

Спортпен шұғылданыңыз


Бәрінен бұрын таңғы жүгіру тамаша қуат береді. Йогамен айналыссаңыз тіпті жақсы. Тым құрығанда «мектеп» жаттығуларын жасаңыз. Бірақ мұнда шамадан тыс тырысудың қажеті жоқ: егер түнімен жұмыс істесеңіз ағзаңыз бұған дайын болмауы мүмкін.

Спортпен шұғылданып болған соң сергітетін гельмен душқа түсіңіз. Ал егер теріңіз құрғақ болса, сізге крем-гель немесе май пайдалы болады. Құралдың өзі ментолдан, ал оның хош иісі – сергітетін жалбыз немесе цитрустардан тұратын болса тіпті жақсы. Салқын судың астында тұрып судың шаршағандығыңызды кетіріп, денеңізді қуатқа бөлеп жатқанын елестетіңіз. Оң ниет таңертең маңызды рөл атқарады.

Суық сумен жуыныңыз


Немесе біресе салқын, біресе жылу сумен жуынғаныңыз абзал. Мұндай душ қан айналымын жақсартып, беттің ісігін басады, ұсақ тесіктерді жасырады және сергуге мүмкіндік береді. Ал таңертең мұзбен бетті сүрту керек деген кеңестерге сенбеңіз: мұндай әдіс терісі қалың куперозға бейім емес қыздарға жарайды, қалғандарына зиян келтіруі мүмкін.

Бет терісін тазартуды да ұмытпаңыз. Жасушалар түнде қарқынды өндірген артық майды кетіріп, косметикалық құралдардың белсенді заттарының терең сіңуіне жол бересіз. Скраб пайдалансаңыз болады.

Сергітетін спрей немесе тоник қолданыңыз. Құрамында спирті аз құралдарды таңдауға тырысыңыз. Немесе бетіңізді газдалған минералды сумен шайып жіберсеңіз болады, бұл бетіңіздің өңін қалпына келтіреді.

Тез жасалатын маска


Тез әсер ететін маска бетіңіздің ісігін басады. Бүгінде дайын маскалардың түр-түрі бар, алайда егер косметикаға сенбесеңіз, мына рецепттер бойынша өзіңіз дайындай аласыз:

Орта мөлшердегі қиярды үккіштен өткізіп немесе блендерде араластырып, оған екі-үш құлпынайды қосыңыз. Масканы 15-20 минут ұстаңыз.

Бананның жұмсағын езіп, оған үш қасық ірімшік, бір көбіктенген жұмыртқаның сарысын, Е дәруменінің бір капсуласын жарып қосыңыз. Бәрін араластырып, 20 минутқа бетіңізге маска жасаңыз.

Ісікті басатын крем пайдаланыңыз


Бүгінде таңертеңгі беттің ісігін басуға арналған түрлі кремдер бар. Егер бетіңіз жиі ісетін болса, сондай кремдердің бірін алып қоюды ұсынамыз. Сонымен қатар беттің ісігін басуға көмектесетін халықтық тәсілдер де бар. Қара қою шай немесе көк шайды қайнатып, оған косметикалық мақтаның жартысын батырып, біраз уақытқа тоңазытқышқа салып қойыңыз. Суық мақта шеңберлерді көзіңіздің астына орналастырып, 5-10 минут ұстаңыз. Шай орнына кофе де қолдануға болады.

Ал көзіңізді жарқырату үшін қол жуғышқа еңкейіп, суық суды көзіңізге шашыңыз, және көзіңізді тез-тез жыпылықтатыңыз. 

Сурет: www.defiance.info, www.mon-kit-beaute.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina