Тушьты немен сұйылтуға болады?

Тушьты немен сұйылтуға болады?

Тушь жиі жаңартуды қажет ететін косметикалық құралдардың қатарына кіреді. Тушь кеуіп қалғанда оны сұйылтып, ғұмырын ұзартуға болатынын қыздар жақсы біледі. Ал тушьты немен сұйылтқан дұрыс?

Жақсы, дәл сіздің кірпіктеріңізге сай тушь табу – нағыз бақыт. Алайда тушьтың қолдану мерзімі көп жағдайда ұзаққа созылмайды. Сүйікті косметикалық құрал құрғай бастағанда оны лақтыруға қимайтынымыз бар. Осы кезде оған түрлі сұйықтық қосып, сұйылтуға болады.

Тушь ұзақ мерзім қолданудан, ішіне тым көп ауа кіріп кеткендіктен кеуіп қалады. Қолдану мерзімі өтіп кеткен тушь кеуіп қалса, оны лақтырған жөн. Себебі мұндай тушьта бактериялар дами бастайды.

Ал әлі де қолдануға болатын тушьты құтқаруға болады. Ол үшін тушьтың құрамын оқыңыз.

Егер тушьтың негізгі құрамдас бөлігі парафин болса, тушь сауытын кішкене қыздырып көріңіз. Ол үшін стақанға ыстық су құйып, жабық тушьты суға салып қойыңыз. Артынан тушьты жақсылап сілкіңіз.

Тушь су негізінде жасалса, оған бірнеше тамшы дистилденген немесе минералды газсыз су қосу керек. Суды бір тамшыдан тамызып отырыңыз, бір артық тамшы су тушыңызды құртып қоя алады.

Қыздардың көбі тушьқа макияж кетіретін сұйықтықты қосады. Бұл косметикалық құрал мен тушьтың өндірушісі бір фирма болғаны дұрыс.

Линза киетін арулар линзаға арналған сұйықтықты тушьқа қосып көрсін. 

Сондай-ақ құрғап қалған тушьқа қарапайым көзге арналған тамшылар қосуға да рұқсат.

Әрине бұл әдістердің барлығы сіздің тушыңызды уақытша ғана құтқарады. Жақын арада жаңасын алғаныңыз дұрыс.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: otvetin.ru

С. А