Спортзалға макияж жасап барған дұрыс па?

Спортзалға макияж жасап барған дұрыс па?

Қазірде қыздардың көбісі спортзалға фитнес, би сабақтарына баруға тырысады. Артық салмақпен күресу дұрыс-ақ, бірақ соңғы кезде арулар үшін фитнес сабақтары кезекті сәнді трендке айналған сияқты. Олар бұл сабақтарына барынша сәнденіп, боянып баратын болып жүр. Бірақ спортзалға макияж жасап барған дұрыс па?

Әрине нәзік жандылар әркез сұлу болғысы келеді. Бірақ физикалық жаттығулар кезінде макияж сізге тек бөгет болады. Жүгіру, секіру, билеу, жаттығулар жасау барысында денеміз қызып, ағзамыз жауап ретінде қатты терлейтіндігін білеміз. Дәл осы кезде сіздің бетіңіздегі реңк беруші крем, опа, тіпті ылғалдандырғыш крем де теріні бітеп, оған зақым келтіреді.

Қатты терлеген кезде терінің тесіктері ашылып, тері бетіндегі барлық кір-қоқыс, бактериялар ішіне еніп, нәтижесінде теріде түрлі жаралар, безеулер, қабынулар пайда болады.

Жаттығу кезінде косметикалық құралдарды мүлдем қолданбаған дұрыс, макияж атаулысын уақытша ұмыта тұрыңыз. Эстетикалық жағынан да спортзалға қатты мейк-аппен кіру орынсыз. Бірнеше қабат крем, опа, еңлік, бронзерге спортзалда жол жоқ. 

Далада жаттығатын арулардың жаз болсын, қыс болсын күннен корғаныс кремін қолданғаны дұрыс. Ұйықтаған кезінде ғана макияжын өшіретін қыздар кірпікке арналған суға төзімді тушьты пайдалансын.

Қаласаңыз ерінге арналған бальзам жағуыңызға болады. Оның да барынша табиғи компоненттерден болғанын қадағалаңыз, түсті жылтырларды бұл жолы қолданбаған дұрыс.

Өзіңізбен бірге жаттығулар кезінде бактерияларға қарсы әсері бар сулықтар ұстап жүріңіз. Спортзалдағы жаттығуларыңызды аяқтаған бойда бетіңізді бір сүртіп алсаңыз, теріге байланысты қиындықтардан сақтанасыз.

Бұл жайлы салауатты өмір салтын жақтаушы, өзі де спортзалға тұрақты түрде баратын блогшы Айжан Табын былай дейді: 

"Фитнеске жарты жылдай барып жүрмін. Басты мақсат – салмақ тастау, әдемі пішінді сұлу қыз болу. Интенсивті топтық жаттығулар, темір-терсек залындағы жаттығулар қатты терлетеді, содан фитнеске макияжсыз барамын. Көпшілік қыздар боянып келетінін байқадым. Макияж болмаса ұсқынсыз көрінем дегенді де көп естимін. Бірақ залға жігіттермен танысуға келу – бөлек тақырып. Өзің үшін баратын болсаң, бет терісінің жағдайын ойлайтын болсаң, кез келген бояуды сүртіп тастау керек. Тері демалып, тер шығу процесі еркін болуы тиіс. Залдағы жігіттер (спортпен шұғылдану мақсатында жүргендерді айтам) қыздарға көп назар салмайды, әркім өз ісімен айналысып, өзіндік мақсаттарына қол жеткізу үстінде. Сол себепті, жігіттер жағын уайымдамауға болады. Осы жерде тағы бір айтып кететін жағдай, беттегі шыққан теріні сүлгімен емес, балаларға арналған ылғал (дымқыл) сүлгімен сүрткен дұрыс. Себебі, термен бірге "мочевина" бөлініп шығады, ал кәдімгі матадан жасалған сүлгі оны сіңірмейді де, кетірмейді де".

Сізді жаттығу кезінде пайда болған беттің табиғи шырайы-ақ сәндеп тұрады. Спортзал сіз үшін мейк-аптан "босайтын" жер болсын.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: vk.com

С. А