Көзілдірік тағатын қыздарға арналған макияж

Көзілдірік тағатын қыздарға арналған макияж

Бүгінгі таңда көруге байланысты қиындықтар екінің бірінде кездеседі. Көзілдірік – бұл мәселенің ең оңай және қолжетімді шешімі. Сіз де көзәйнек киген арулар қатарынан болсаңыз, үйреншікті макияж ережелері сіз үшін өзгере алатындығын біліп жүргеніңіз жөн. 

Көзәйнек өзімен-өзі көзге назар аударады. Осыған байланысты макияжыңызды сәл өзгертуіңіз керек. Макияждың дәстүрлі түрлері: күндізгі макияж, smokey eyes, түсті макияж көзілдірік киген арулар үшін сәл басқаша жасалғаны дұрыс. 

Әдемі, өзіңізге жарасатын орынды макияж жасау үшін, көзәйнек таққан ару мына ережелерді біліп жүрсін.

Бірінші ереже: Көзәйнек линзаларының коррекциялық қасиетін есепке алу керек

Алыстан көргіштікке (дальнозоркость) шалдыққан  арулар сүрме, қара, күңгірт көз бояуларын абайлап қолдануы керек. Себебі олардың көзәйнектеріндегі линза көзді үлкейтіп көрсетеді. Сіздерге табиғи түстерде орындалған қарапайым күндізгі макияж таңдаған дұрыс. Кірпікке арналған тушьты да мейлінше аз қолданыңыз. Егер сіз стрелка салудың шебері болмасаңыз, бұл ойдан да бас тартыңыз, себебі көзді үлкейтетін линза ұсақ-түйек қателіктерді байқарлықтай қылып тұрады.

Сіздерге макияждағы басты бөлік ретінде ерін не қасты таңдаған жөн.

Алыстан көрмеушілік (близорукость) ауруына шалдыққан арулар керісінше макияждағы басты акцентті көзге беріп, көзді қатты бояғаны дұрыс. Ол үшін сүрме, қарындаш қолданып көз шекарасын басып сызыңыз. Кірпікті бірнеше қабат бояуды ұмытпаңыз. Сіз үшін күндіз де қара бояумен жасалынған smoky eyes орынды болып көрінеді. 

Бұл сіздің көзілдірігіңіздегі линзаға байланысты. Алыстан көрмеушілікті коррекциялайтын линза көздеріңізді кішірейтіп көрсетеді. Нәтижесінде бәсең макияж мүлде байқалмай қалады.

Күнделікті көзді қара түспен бояудың қажеті жоқ. Сіз жылтыр ашық түсті (перламутр) қабақ бояуын да қолдана аласыз.

Екінші ереже: Көзілдіріктің жиектемесі мен көз бояуының түстері үйлесу керек

Мысалға тым күңгірт немесе ала жиектемеге nude (табиғи, байқалмайтын) макияжы жарасады.

Жұқа күміс түсті жиектемелі көзілдірікке сұр, күлгін, көгілдір түстерінде орындалған көз макияжы жарасады. Дәл осындай жұқа, бірақ алтын түстес жиектемеге жылы қоңыр, сарғылт-қоңыр, жасыл түстер жарасады. 

Егер сіздің көзәйнегіңіздің жиектемесі жарқын түсті, ерекше, ала түсті болса, көзді қатты боямай, акцентті ерінге беріңіз.

Және үшінші ереже: Қасыңыз бен жиектеме үйлесімді болуы керек

Қасыңыз бен жиектеменің үстіңгі сызығы пішіні жағынан да, түсі жағынан да бір-біріне кереғар болмауы керек. Жұқа, байқалмайтын жиектемелі көзілдірік кисеңіз, акцентті қасқа аударыңыз. Қалың, күңгірт түсті жиектеме қалың қасты қыздарға жараспайды. Егер жиектеме дәл қастың сызығы бойынша орналасса, қасыңызды қатты боямай-ақ қойыңыз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: velvet.by

С. А