2013 жылдың «Әлем аруы» анықталды

2013 жылдың «Әлем аруы» анықталды

Сенбіден жексенбіге қараған түні мәскеулік Crocus City Hall салтанат үйінде «сұлулық олимпиадасы» - халықаралық «Әлем аруының» финалы өтті деп хабарлайды «Московский комсомолец». Бұл байқау Ресей елінде тұңғыш рет өтіп отыр. Әр елден келген 86 қатысушының 16-сы ғана финалдық бәсекеге өтті. Өкінішке орай, олардың арасында Қазақстан атынан қатысқан Әйгерім Қожахан болмады. Ал ең сұлу болып Венесуелалық Габриэла Ислер танылды.

Байқаудың төрешілер тізгінін Aerosmith американдық рок-тобының әншісі Стивен Тайлер ұстады. Бұл оның сұлулық байқауын таразылаудағы алғашқы тәжірибесі. Сонымен қатар, қазылар алқасында Филипп Киркоров та төрелік етті. Байқауды Spice Girls тобының экс-мүшесі Мелани Браун мен NBC арнасының жүргізушісі Томас Робертс жүргізді.

Финалдық бәсекеге Коста-Рика, Украина, Қытай, Эквадор, Ұлыбритания, Венесуэла, Доминикан Республикасы, Пуэрто-Рико, Испания, АҚШ, Никарагуа, Индия, Швейцария, Бразилия, Филиппин елдерінен 16 қатысушы өтті.

Эквадор аруы, Бразилия аруы, Испания аруы, Филиппин аруы, Венесуэла аруы.

Бірінші арна жүргізушісі Ксения Собчак жеңіс Филиппин аруына бұйырады деп болжады, ал екінші жүргізуші Андрей Малахов Филиппин аралдарында болған алапат құйынды ескеріп, ол қосымша ұпай алуы мүмкін деді. Алайда, «Әлем аруы 2013» атағы Венесуэлалық сұлу Габриэла Ислерге бұйырды.

Әлемнің ең әдемі аруына 120 мың долларлық қымбат тәж (бұл тәжді ол бір жыл бойы тағып жүреді) бен 250 мың долларға жуық ұтыс пен сыйлықтар табыс етілді. Тәжді былтыр Әлем аруы болған американдық Оливия Калпо кигізді.

Ариэлла Арида, Филиппин аруы ІІІ Вице мисс атанды

Байқау жүлдегері Miss Universe Organization ұйымымен жеке келісім-шартқа отырып, бір жыл бойы Miss Universe-тің әлем бойынша іс-шараларымен айналысатын болады.

Айта кететіні, бұл «Әлем аруы» байқауындағы Венесуэла өкілдерінің жетінші жеңісі. Венесуэлалық арулар тәж иегерлері болып 1979, 1981, 1986, 1996, 2008, 2009, 2013 жылдары танылған.

Сурет: mk.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina