Стрелка салу құралдары

Стрелка салу құралдары

Көзді сүрмемен сызып, стрелка салуды қазірде әр ару біледі. Көзді сызып бояу оларды қалауыңызша үлкейтіп, кішірейте алады, пішінін өзгертіп, әдемі көрсетеді. Егер сіз үшін стрелка салу қиын мәселе болса, ол үшін дұрыс құрал таңдап, іске кірісіңіз.

Стрелка салуда түрлі құралдар қолдануға болады. Қай құралды қолдану керектігі сіздің қалауыңызға, боянып бара жатқан жеріңізге, бос уақытыңыз бен тәжірибелігіңізге байланысты болады. Сонымен, стрелка сызу үшін мына косметикалық құралдарды қолдануға болады:

Қара қарындаш стрелка сызуда қолдануға ең оңай және қолжетімді құрал. Көздерін бояуды жаңа үйреніп жүрген қыздар үшін қарындаш мінсіз нұсқа. Оның көмегімен түзу анық стрелка сызуға болады. Ал егер сызығыңыз қисық болып қалса, оны саусақпен не жаққышпен жағып, мөлдір қара қабақ бояуы қылуға болады. Қарындаштардың басты кемшілігі онымен салынған стрелка күні бойына сақталмайды. Таңертеңгі макияждың стрелкасы түсте-ақ ағып, жағылып, кетіп қалады. Осы себепті қарындашпен қап-қара жақсы стрелка сала алсаңыз да, оның ғұмыры ұзақ болмайды. 

Сұйық сүрме фломастер немесе жаққышы бөлек сұйық бояу ретінде жасалынады. Сұйық сүрмемен стрелка салған қарындашқа қарағанда қиын, есесіне оның түсі қанық, ал жаққышы жұқа бірқалыпты сызық салуға мүмкіндік береді. Мұндай құрал әмбебап болады, оның көмегімен қалаған қалыңдықты стрелка сала аласыз. Сұйық сүрмемен салынған стрелка күні бойына сақталады. Әйтсе де мұндай сүрмемен стрелка салу белгілі бір тәжірибенің болуын талап етеді. Асықпаған кездері сұйық сүрмені қолдануды үйреніңіз, уақыт өте қолыңыз жаттығып кетеді.

Гель сүрмесі кішкене ыдыстарда жаққышсыз сатылады. Бұл құралды қолдану үшін өзіңіз бөлек жаққыш сатып алуыңыз керек. Бірақ жаққыштың арасынан өзіңізге ыңғайлы түрін таңдап ала аласыз. Бұл құралды көп құрту мүмкін емес, ол ұзаққа жарайды. Түсі де қанық, салынған стрелка ұзаққа сақталады.

Крем тектес сүрме соңғы кезде пайда болған жаңа әмбебап құрал. Ол бірден бірнеше қызмет атқара алады: қабақ бояуы ретінде қолданып керемет smokey eyes жасауға болады, сонымен қатар қалың қабатты стрелка сызуға да жарайды.

Қабақ бояуларының көмегімен де стрелка сызуға болады екен. Мұндай стрелканың түсі қанық болмауы  мүмкін, оны күнделікті макияж үшін қолданған дұрыс. Сонымен қатар қабақ бояуымен стрелка оңай әрі тез салынады. Бұл тәсілді асыққанда қолдануға болады. Түсі анығырақ болуы үшін жаққышты алдын ала сулап алуға болады.

Ал сіз стрелканы немен сызасыз?

Тақырып бойынша:

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: liveinternet.ru

С. А