Сұлу болуға міндеттіміз

Сұлу болуға міндеттіміз

Әдемілік – кез келген адам меңгеруге тұрарлық өнер. Массагет ұсынған әдемі әйелдердің әрдайым ұстанатын ережелерін білу арқылы бұл өнерді еркін меңгере аласыз. Өзін күте білетін әйелдердің әдеттерін кез келген жаста игеруге болады. Олай болса, «уақытым жетпейді, мен бүгін шаршаңқымын» деген сылтауларды қойып, бұл іске төзімділікпен кірісейік. 

Психолог мамандардың айтуынша, өзіміз жайында мәліметті сөзімізден бұрын сыртқы көрінісіміз береді. Жаратылысымыз нәзік әрі сұлулыққа құмар болғандықтан, әрдайым сұлу болып көріну басты міндетіміз. Бұл айналамызға эстетикалық тұрғыдан ғана әсер етіп қоймай, сый құрметіміздің арта түсуіне әсерін тигізеді.

Жеке стиліңіздегі киімдердің, шашыңыздың түсін, кірпіктерге арналған сүрмелердің қандай түрін таңдасаңыз да өз еркіңізде. Алайда осыларға қатысты кейбір ережелерді үнемі ескеруіңіз қажет. Өзіңізді күту үшін көп ақшаны жұмсамай, бұл ережелерді үнемі орындап отырсаңыз болғаны. «Табиғи сұлулығым жетеді» деген ұстанымды шетке ысырып қоюыңыз қажет. Әрдайым әдемі болып жүрсеңіз, алдын ала шақырылмаған қонаққа барғанда да ыңғайсыз жағдайда қалмайсыз.  

Тазалық


Тазалық – бұл өзін күте білетін әйелдердің басты әрі бірінші ережесі. Күнделікті пайдаланатын косметикалық құралыңызды жуылмаған бетіңізге, шашыңызға, денеңізге жақсаңыз, ешқандай да әсері болмайды. Мұндайда жағымсыз иістен арылуға дезодоранттар да көмектеспейді. Заман талабына сай косметикалық құралдардың түрлісі пайда болғанмен, судан артық тазарту құралы жоқ. Күнделікті душқа түсіп, артық түктерден арылып тұрыңыз. Аптасына міндетті түрде бір рет моншаға түсіңіз. Мұндай рәсімдер қолданып жүрген құралдарыңыздың әсерін арттырады.

Жоғарыда айтылған құралдарды жарнамасының әдемілігі үшін таңдаудың қажеті жоқ, теріңізге лайығын таңдаңыз. Баяу әсері бар жағдайда ғана күнде қолданыңыз. Теріміз нәзік келетіндіктен, қолыңызды жуатын сабынды таңдау кезінде де мұқият болыңыз.

Сызықтардың нақтылығы


Тырнаққа жасалған маникюр болсын, қас формасының шеткі сызықтары болсын, шашыңыздың ұзындығы болсын – барлығының формалары айқын білініп тұруы тиіс. Ұзындығы әр түрлі тырнақтар мен қасыңыздың астындағы түктермен әдемі көрінемін деп ойламаңыз. Қас жұлатын қысқыш пен тырнақты егейтін құралдар косметикалық сөмкеңізде жүрсін. Шаш мәселесі қиындау. Шашыңызды өсіріп жүрген болсаңыз, барып жүрген маманыңызға ескертіңіз. Артынша таңдап алған формаңызды 3 ай сайын қидырып отырыңыз. 28 күнде кестіріп отыруға мүмкіндігіңіз болса, тіпті, жақсы. Таңертең шашыңызды көтерген кезде гель немесе лакпен қатырып қойыңыз. Шашты қатыруға арналған құралдардың жылтыры жоғы мен иісі қатты шықпайтынын таңдаңыз.

Түстің айқындылығы


Түстің айқындылығы имиджіңізді өзгертіп, балғындық әсерін сыйлайды. Алайда шашыңыз жылдам өсіп, түпкі бөліктерінен өз түсіңіз біліне бастайды. Мелирование немесе бір текті түспен боясаңыз да бұл жағымсыз көрінеді. Сол себепті ай сайын олардың түпкі бөліктерін бояп отырудың маңызы зор. Ал өзіңіздің табиғи түсіңізді қайтарғыңыз келсе, шаш түбіне лайық түс таңдап бояңыз. Кез келген бояудың шашты құртатындығын ескеріп, артынша маскалармен қоректендіріп тұрыңыз.

Артық түктерден арылу


Денеңізде артық түктердің болмағаны дұрыс.

Нәзік тері


Әйел адамдардың Т зонасында жалтыраған майлар байқалады. Терісі нәзік әйелдер әрдайым әдемі көрінеді. Алайда бетіңіздегі артық майдан арыламын деп, әжімдерді түсіріп алмаңыз. Бетіңіздегі Т зонасының жылдам майланатынын байқасаңыз, дерматолог мамандарға барыңыз. Ал теріңіз керісінше тым құрғақ болған жағдайда ылғалдандырушы кремдерді пайдалансаңыз жеткілікті.

Мінсіз маникюр


Әдемілік тырнақтарыңыздың ұшынан басталады. Тісіңізді қалай жусаңыз, аяқ пен қолдарыңыздың тырнақтарын дәл солай күтіңіз. Лактың түсі қандай болса да, тырнақтарыңыз егелген болуы тиіс. Түрлі-түсті лакпен боясаңыз, оны сөмкеңізге салып қойыңыз. Өшіп қалған жерлерін түзетіп отырасыз.

Әтіріңізге адал болыңыз


Өзін күте білетін әйелдердің соңғы әрі басты ережесі – әтірлеріне деген адалдық. Байқасаңыз, душқа арналған гелдердің, майлар мен бояулардың қатты білінетін иістері бар. Оның үстіне әтірдің иісін қоссаңыз «көже» болатыны анық. Сол себепті косметикалық құралдарыңыз мүмкіндігінше иіссіз болып, әтірлеріңіз серіктеріңіздей болсын. 

Маңызды кеңес: өзіңізге айына бір рет сұлулық салонына барып тұратындай жағдай жасаңыз.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: rumbur.ru

Қ. Бүйенбай