Зақымдалған шашқа арналған кеңестер

Зақымдалған шашқа арналған кеңестер

Стресс, нашар су, шаң, экология шаш саулығына әсер ететін көптеген факторлардың бір бөлігі ғана. Алайда шаштың сынғыш, жұқа, күңгірт болуы көп жағдайда тек оған көрсетілетін күтімге байланысты. Бірнеше жыл бойы жасап жүрген шаш күтіміндегі қателерді түзеп, шаштың саулығы мен сымбатын қайтарыңыз.

Зақымдалу деңгейі: төмен

Шашыңызды көп жағдайда түйіп не байлап жүресіз бе? Шашқа арналған резеңкелер шашты қатты қысып, оның құрамына зақым тигізеді, нәтижесінде шашты сынғыш қылады. Ал тартылып тұрғандықтан шаш тамыры босап, шашыңыз көптеп түсе бастайды.

Шешім: Шашты жайып жүре алмасаңыз, резеңкелердің орнына жұмсақ матадан жасалған шаш бауларын қолданыңыз. Қазірде дүкендерде осындай баулардың түр-түрі сатылады, оны талғамыңызға, стиліңізге қарай үйлестіре аласыз. Сондай-ақ шашты әркез түрлі жерде жинаңыз: бүгін – төбеңізге, ертең – төменірек. Ал ылғи бір жерде ғана жиналатын шаш тезірек әлсізденіп кетеді.

Соңғы рет бас киімін бала кезіңізде кидіңіз бе? Ал сіздің шашыңыз қыста суықтан, жазда күн сәулесінен зардап шегетінін білесіз бе? Шаш та тері сияқты жаурап, күнге күйе алады. Ал ультракүлгін сәулелері шаш құрамындағы ақуыз байланыстарын бұзып, оларды құрғатып, сынғыш қылады.

Шешім: Сізге қажет зат ультракүлгін сәулелердің әсерін бәсеңдететін ылғалдандырғыш спрей. Бұндай құралды шаштың әр бұрымына мұқият жағу керек. Күннің астында көп жүретін серуендерге шыққанда осындай спрей жағып алған дұрыс. Әрине бас киім, қалпақтар мен орамалдарды тағып жүруді әдетке айналдырыңыз.

Құрғақ сусабын жиі қолданасыз ба? Шашты тез «жууға» арналған құрғақ сусабын шаштың майлылығынан арылуға мүмкіндік береді, алайда оның және майдың қалдықтары бас терісінде жиналып, оның қозуына, қышуына әкеледі. Нәтижесінде қайызғақ та пайда болуы мүмкін.

Шешім: Егер сіз құрғақ сусабынды жиі қолданатын болсаңыз, бұл дауаны сиректетіп, оны аптасына бір реттен артық қолданбайтын болыңыз. Құрамында тальк болмайтын сусабынды қолданып, бас терісіне арналған маскалар жасаңыз.

Зақымдалу деңгейі: орташа

Үйдегі жуынатын су таза емес пе? Тым хлорланған су шаштың құрамындағы ылғалдың бәрін «сорып» алып, оның саулылығына үлкен зақым тигізеді. Теңіздің тұзды суы мен бассейндегі тым хлорланған су да осындай әсер етеді.

Шешім: Суда жүзу сүйікті ісіңіз болса, арнайы жұмсақ резеңке қалпақша киіп қана шомылыңыз. Ал бассейнге кірмес бұрын шашыңызды сулап, оған маска жағып барып қалпақ киіңіз. Жақсы ылғалданған шаш хлор мен тұзды өзіне сіңірмейді. Шомылып болғаннан кейін шашты шайыңыз.

Таңмен жастығыңыздағы түскен шаштарыңыз шошыта ма? Түнде қайта-қайта аударылып ұйықтасаңыз, шашыңыз үйкелуден зақымданып, жұқалап кетеді. Оған қоса су шашпен ұйықтасаңыз, екі есе зақым тигізесіз. 

Шешім: Үйреншікті мақта жастыққаптарды жібек не атласты түрлеріне ауыстарғыныңыз жөн. Олардың бетінде шашыңыз сырғанaп, зақымданбайды. Сондай-ақ түнде шашыңызды жинап, түйіп не өріп қойыңыз. Әрине су шашпен ұйықтауға болмайды.

Мусс, лак сынды стайлингтік құралдарды жиі қолданасыз ба?

Стайлингтік құралдар шашқа көлем беріп, шаш сәнін ұзаққа сақтай алады. Алайда олардың барлығының құрамындағы спирт шашты қатты құрғатады.

Шешім: Стайлингтік құралдарды сатып алғанда олардың сыртындағы нұсқауына үлкен көңіл бөлген жөн. Қазірде кейбір компаниялар спиртсіз құралдар шығаруда. 

Шаш күтіміндегі осы қателеріңізді түзеп, жаңа дауаларды әдетке айналдырып алыңыз.

Келесіде қатты және өте қатты зақымданған шаштарға арналған кеңестерімізбен бөлісетін боламыз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: gamerdna.com 

С. А