Косметика салғышын жаңартыңыз!

Косметика салғышын жаңартыңыз!

Әр арудың  өз косметикалық құралдарын, макияж бояулары мен жаққыштарын сақтайтын сөресі, жері, косметичкасы болады. Бір кешіңізді косметиканы саралап, артығын лақтырып, жинастырумен өткізіңіз. Біздің кеңестеріміз осы істе сізге көмек болады.                    

1-Қадам. Апатқа баға беріңіз                 

Барлық косметикаңызды сөрелер мен косметичкалардан шығарып, таза, құрғақ жерге жиып қойыңыз (мысалы үстелге). Айнаның алдында, сөмкенің, қалталардың ішінде қалып кеткен майда-шүйде далаптарға дейін шығарыңыз. Осылайша барлық косметикаңызға дұрыс баға беріп, оның әрі қарай қажеттілігін түсіне аласыз.                    

2-Қадам. Ревизия                   

Косметикаңыздың барлығын бірнеше топқа бөліңіз (ерінге, көзге арналған, еңліктер, реңк беруші кремдер, корректорлар және сол сияқты). Осыншама косметикаңыздың бар екендігі таңқалдыра ма?        

Енді ең ауыр жұмысқа да жеттіңіз. Соңғы 8-12 ай қолданбаған косметиканың бәрін еш аямастан лақтырыңыз. Косметикалық құралдардың сақталу мерзімін қарап, жарамды еместерін лақтырыңыз. Сынған, майысқан, жарылған ыдыстағы косметиканы да аямаңыз.               

3-Қадам. Жаққыштар               

Косметика жаққыштары мен аппликаторлар - бөлек әңгіме. Ескі, жыртылған, өте кір жаққыштарды да қоқыс жәшігіне бағыттаңыз. 

Тәуірлеу жаққыштарды бір жуып, кептіріп, арнайы қапта сақтаған дұрыс. Арнайы чехол болмаса, тіпті қарапайым таза пакет жарайды. Оларды тігінен қойып сақтаған дұрыс, сонда жаққыштың түгі мыжылмайды. Ол үшін жаққыштарды стақанға салып сақтауға болады (түгін жоғары қаратып). Сондай-ақ жаққыштарды аптасына бір рет жуып тұруды ұмытпаңыз.          

4-Қадам. Тәртіпке келтіріңіз                      

Мамандар косметиканы косметичкада емес, арнайы органайзерде сақтауға кеңес береді. Ондай үлкен кәсіби сауыттар тым қымбат па? Ендеше шаруашылық дүкендер не базардан бөлімдері көп жәшік сынды сөмке іздеп көріңіз.                  

Косметиканы жаңа косметичкаңыздың бөлімдерімен орналастыра бастаңыз. Оларды түрлері бойынша сұрыптағын дұрыс. Әрине бұндай косметичканы күннен алысырақ, құрғақ жерде сақтаған жөн.              

 Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: ilive.com.ua

С. А