Арнайы және әскери тасымалдау қызметі

Арнайы және әскери тасымалдау қызметі
Фото: ⒸҚР Ұлттық ұлан баспасөз қызметі

Ұлттық ұланда арнайы және әскери тасымалдау деп аталатын қызметтің ерекше түрі бар. Ол бейбіт уақытта да, соғыс уақытында да арнайы тасымалдау бойынша күш құрылымдарының мүддесін көздейтін айрықша міндеттерді орындайды.

Арнайы тасымалдау қызметінің негізгі міндеттерінің  бірі – арнайы контингентті теміржол арқылы тасымалдау, жеке құрамды, техника мен қару-жарақты жауынгерлік қызмет атқаратын аймаққа жеткізу.

Тасымалдау үдерісін талапқа сай орындап отыру қызметтік-жауынгерлік жұмыстың үздіксіз атқарылуына мүмкіндік береді.  Әрі бұл қызмет жоғары білікті мамандарды  қажет етеді. 

Тарихтан бастасақ...

Қазақстан Республикасында ІІМ арнайы және әскери тасымалдау жұмысы өткен ғасырдың 40-жылдарында бастау алған. Ол жылдары арнайы бөлініс кәсіпорындар мен мекемелердің, сотталғандар мен әскери тұтқындардың темір жолмен тасымалдануын қамтамасыз еткен. 1943 жылдан бастап, қорғаныс жүктерін, оқ-дәрі мен химиялық заттарды тасымалдауды ұйымдастырған.

Ал соғыстан кейінгі жылдары арнайы және әскери тасымалдау бөлінісінің қызмет аясы кеңи түседі. 50-жылдары Қазақстанда КСРО ІІМ Қазақстан темір жолы бойынша арнайы тасымалдау бөлімшесі құрылып, 1974 жылы Алматы, Батыс Қазақстан және тың темір жолдарында бөлімшелер ашылды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұл қызмет өзінің мәнін жоймай, керісінше, жаңа бағытта құлаш ала бастады. Арнайы тасымалдаудың негізгі және дәстүрлі қызметінен басқа Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі, үкіметаралық келісімдер бойынша тасымалдар бақылауға алына бастады.

Жаны жайсаң жан еді...

(Подполковник Жандос Асқаров туралы  үзік сыр)

2009 жылдың ақпан айында арнайы және әскери тасымалдау қызметі Ішкі әскерге, яғни қазіргі Ұлттық ұланға берілді. Бұған дейін Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Орталық аппаратында, Қазақстан Республикасы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде, Алматы облысы бойынша Ішкі істер департаменті құрамында болған.

Ішкі әскерге ауысқан тасымалдау бөлімшесінің бастығы болып майор Жандос Асқаров келген еді.  Ол 1988 жылы Алматы темір жол инженерлері институтын (қазіргі М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуниукация академиясы) тәмамдап, өзінің туған жері Қызылордаға барып, темір жол саласында ревизорлық қызмет атқарған. 1995 жылы Алматыға қайтып келіп, арнайы және әскери тасымалдау қызметіне орналасып, өмірінің соңына дейін осы салада қажырлы еңбек етті. 2012 жылы бұл дүниеден өткенде Жандос Асқаров арнайы және әскери тасымалдау бөлімшесінің бастығы қызметінде жүрген еді. Ж. Асқаров – темір жол саласының жоғары білікті маманы еді. Жас офицерлерге  үнемі тәжірибесімен бөлісіп, оларға әдістемелік көмек көрсетіп отыратын. Қарамағындағылардың кәсіби маман болып шығуына үлкен үлес қосты, жас мамандарды оқытып, үйретуден жалықпаған мықты тәлімгер еді. Әрқашан да сабырлы мінезімен ақыл-кеңесін беріп отыратын. Арнайы және әскери тасымалдау қызметі сөз болғанда, подполковник Жандос Асқаров туралы айтпай кету мүмкін емес. Ол өзінің ісіне деген адалдығымен, ерекше отансүйгіштігімен үлкен абыройға ие болған жан еді. Жандос Асқаровты қызметтестері әрдайым құрметпен еске алып отырады, соңында қалған отбасын, балаларын назардан тыс қалдырған емес, қажет жағдайда көмек беріп келеді.

Жауапкершілігі зор міндет

Жауынгерлік қызмет басқармасына қарасты арнайы және әскери тасымалдау бөлімінің бүгінгі қызметі мен міндеттері қандай ?

Бөлімнің бүгінгі міндеті – арнайы және әскери тасымалдауды үздіксіз жедел басқару, көлік органдары және әскери бөлімдермен бірлесе отырып, төтенше сипаттағы және эвакуациялық тасымалдауларды қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды жоспарлап, жүзеге асыру, арнайы контингентті тасымалдау, оны қамтамасыз ету бойынша ұйымдастыру-техникалық шараларын үйлестіру, арнайы және әскери тасымалдауды жүзеге асыруда қауіпсіздік пен құпиялық режимді сақтау шараларын бақылауға алу.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты арнайы және әскери тасымалдау бөлімінде кәсіби даярлығы мықты, өз ісінің білгірлері, сайдың тасындай іріктелген мамандар қызмет етеді. Атап өтсек, арнайы және әскери тасымалдау бөлімінің бастығы майор Павел Фещенко,  аға офицерлер майор Исмаил Кадиров, капитан Дәурен Саламатов, лейтенант Дәурен Омаров,  офицер лейтенант Бегзат Нүсіпбаев, қызметші Марат Алдамберген.

Аталған офицерлердің арнайы және әскери тасымалдау саласында атқарып жүрген қызметтері аса жауапты. Олар аталған қызметті жедел басқаруды жүзеге асырады. Әскери эшелондардың, көліктердің, арнайы контингенттерді тасымалдау арналған арнайы вагондардың қозғалысын тәулік бойы бақылауға алады. Тасымалдау жоспарының орындалу барысы туралы ақпаратты жинап, өңдейді және Жауынгерлік қызмет бас басқармасының арнайы және әскери тасымалдау бөліміне, басқа да мүдделі органдарға уақытылы ақпарат ұсынып отырады. Жеке құрам мен әскери техниканы жылдам тасымалдау керек болған жағдайда, көлік органдарымен бірлесіп, жылжымалы құрамдарды кезектен тыс беруді, ал кезек күттірмейтін аса тығыз жағдайларда басқа пойыздардың алдынан жіберуді қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы  Қорғаныс министрлігінің әскери қатынастар және көлік органдарымен бірлесіп, жүктерді, әскер мен техниканы тиеу және түсіру бойынша темір жол станцияларының мүмкіндіктерін анықтайды. Арнайы вагондардың техникалық жағдайына, жолға әзір болуына, жосарлы жөндеу жұмыстарының уақытылы орындалуына, оларды қолданудың есебіне үнемі бақылау жасап отырады.

Сонымен қатар темір жол көлігімен тасымалдау ережелерін әскери бөлімдердің жеке  құрамына оқытуда әдістемелік және іс-тәжірибелік көмек көрсетеді.

Оңтүстік, орталық, батыс, шығыс аймақтардағы қалаларда өтетіноқу-жаттығуларда техниканыорналастыру, оқу мақсатында темір жол жылжымалы құрамдарына көлікті тиеу, қайта түсіру жұмыстарын атқарып келеді. Бұл – орасан зор еңбек және бірлесіп өзара іс-қимыл жасайтын ведомостволар арасында сәтті жүргізілген келісмдер мен тығыз байланыстың нәтижесі.

Жас келсе, іске!

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты жауынгерлік қызмет басқармасы арнайы және әскери тасымалдау бөлімінің бастығы майор Павел Фещенко М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуниукация академиясын 2005 жылы бітіріп  шыққан. Ол 2007 жылы Алматы облысының ІІД арнайы және әскери тасымалдау бөліміне қызметке келеді  де, 2009 жылы бөлімшесімен ішкі әскерге ауысады.  Подполковник Жандос Асқаров, Нұрлан Мұзапаров, Марат Алдамбергендер сияқты тасымалдау қызметінің майталман маман, жоғары білікті тәлімгерлерінің мектебінен өткен майор П.Фещенко жас болса да, жауапкершілігі жоғары басшылық қызметті алып кетті. Әрине қызмет барысында бөлім офицерлері тәлімгерлердің ақыл-кеңесіне әрдайым жүгініп отырады. Бұл бөлімнің ерекшелігі де сол – ұрпақ сабақтастығы  жақсы жолға қойылған.

Материал дайындау барысында майор П.Фещенко қызметтеріндегі тағы бір жаңалықпен бөлісті. «Біздің бөлім жаңа вагонның жобасын жасады. Түбегейлі қалыпқа келтіру, жөндеу орнында аталған вагонды жасап шықты. Енді оны қолданысқа енгізуге дайындап жатырмыз. Вагонның ерекшелігі сол – өкпе құрты ауруының (туберкулез) ашық түріне шалдыққан сотталғандар  арнайы бейімделген камераларда тасымалданады. Бұндай жағдай Қазақстанда бірінші рет жасалып отыр. Оны біздің бөлімнің мамандары ойлап тауып, жүзеге асырып отыр», –  дейді аталған бөлімнің бастығы Павел Фещенко.

Тағы бір айта кетерлігі, майор П.Фещенконың қызмет барысында көрсеткен қырағылық үлгілері көпке үлгі. Ол бірнеше рет аса қауіпті қылмыскерлерді ұстап, көзге түскен. Мысалға, 2010 жылы Е. деген азаматты ұрып-соғып, бірнеше жерінен пышақ салған екі қылмыскерді Алматы қ. Жетісу АІІБ қызметкерлерімен бірге ұстаған, ал 2016 жылы осы бөлімнің офцері майор И.Кадировпен бірлесіп, қарақшылық жасауды ниет еткен екі қылмыскерді қолға түсірген еді.   Бұл ерліктері жайлы бұқаралық ақпарат құралдары да кезіндежарыса жазған болатын.

Майор Данара Баймағанбетова
Фото ефрейтор Сұлтан Байназаровтікі
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

Ө. Сансызбай