Креативті болғыңыз келсе

Креативті болғыңыз келсе
Фото: GetBg.net

Қазір жұмысқа орналасу үшін жазылған түйіндемелерде креативті деген сөзді жиі кездестіреміз. Бұл қасиет өзіне тән болса да, болмаса да адам осы сөзді түйіндемесіне кірістіргісі келіп тұрады. Себебі жаңаша ойлап, тың түйін табатын жанға барлығы қызығады. Өз бойыңызда осы креативтілік қасиетін дамыту үшін күніне бірнеше жаттығу жасасаңыз жеткілікті.

Он ерекше есім еске түсіріңіз. Алдымен, ер адамның, одан кейін әйел адамның атын еске түсіріп, ойша тізбектеп шығыңыз. Мысалы, Елтеріс, Мұхтаршахан, Хұсни.

Жаңа идеялар тууына жол ашу үшін ой ағынында кез келген нәрсеге ассоциация жасай жүру керек. Кез келген бір әріпті алып, төрт минут ішінде сол әріптен басталатын сөздер жазыңыз.

Жолда жүріп келе жатқанда, кездескен тақтайдағы сөздерді керісінше оқыңыз. Мысалы «Сіздің жарнамаңыздың орны» деген сөзді «Ңіжзіс ңыдзыңаманраж ынро» деген сияқты.

Қарапайым сөздерге қарама-қарсы мағына білдіретін сөз тіркестерін жасаңыз. Мысалы қатты мақта, қара қант, ыстық мұз. Бұл өткен ғасырлардағы қырық өтірік кейіпкерлерін еске түсіреді.

Қарындаш пен қалам алып, ойша еш жерде кездеспеген жаратылыстың суретін салыңыз. Оның көзі бақаға ұқсайтын, аяғы сиырға ұқсайтын, басы жыланға ұқсайтын, аузы динозаврға ұқсайтын болсын деген секілді, қиялыңызды қосып, жаңа туынды жасаңыз.

Зат есімге үйлеспейтін сын есімдер ойлап табыңыз. Мысалы жапырақ қандай болуы мүмкін емес? Тәтті жапырақ, сұйық жапырақ, гүлді жапырақ, жыртық жапырақ...

Бір сөз ойлаңыз да, оны аббревиатура, яғни қысқартылған сөз деп есептеңіз. Сол сөздің мағынасын ашыңыз. Мысалы, ТАС – талапты, ақылды студент.

Бір нәрсені пайдаланудың он әдісін ойланыңыз. Бірақ ол шындыққа жанаспайтындай болсын. Мысалы, кілт. Онымен су ішуге, торт кесуге, кітап оқуға, мәтін теруге болады.

@. @assel_assanova