Көлік жүргізушілері қалай тамақтану керек?

Көлік жүргізушілері қалай тамақтану керек?
Фото: auto.sanook.com

Жүргізушілердің денсаулығы жиі сыр береді. Арқа бөлігі, бүйрегі, бауыры мен асқазаны ауырады. Алайда, мұның бәрі дұрыс тамақтанбағаннан орын алатынын біле бермейміз.

Күні бойы көлікпен жүргендіктен қолымызға не түссе, сонымен тамақтануға мәжбүрміз. Одан қалса, фастфуд өнімдеріндегі тағамдарды талғажау ету де оңай. Әрбір жүргізуші көлігінен газдалған сусын ыдысы табылады. Мұның бәрі біздің жолдағы қырағылығымызды жоғалтады.

Мұндай жағдай орын алмас үшін, үйден таңғы ас ішіп шығыңыз. Ал жолға 1,5 литр газдалмаған су, кішігірім қораптағы апельсин шырынын алып шығуға болады. Өйткені, шырын бір күнге жетерлік қуатты сақтайды.

Егер таңғы ас ішуге үлгермесеңіз, онда бір бөтелке йогурт пен азғантай жеміс-жидек және бөлке нан алып шығыңыз. Тұздалмаған крекер немесе нан бөліктерін алып шығуға болады. Ал су міндетті түрде, әсіресе, жазда жаныңыздан табылуы тиіс. Өйткені, шөл қысуы басыңыз ауыруына себеп және қырағылықты төмендетеді.

Егер көлікпен ұзақ сапарға шығар болсаңыз, өзіңізбен бірге алып шығатын тағамдардың тізімін жасаңыз. Қажетті дәрі-дәрмекті де ұмытпаңыз.

Тағамдардың бұзылып кетуіне жол бермейтін тоңазытқыш-сөмке сатып алыңыз.

Жолда тұзды тағамдар жеуге болмайды. Мысалы, чипс, тұзды жаңғақ және т.б тұзды өнімдерден бас тартыңыз. Бұл шөліңізді арттыра түседі.

Жолда арнайы уақыт бөліп, дене жаттығуларын жасап тұрған жөн.

Егер осы ережелерді аттап кетпесеңіз, ұзақ уақыт көлік жүргізгенде немесе алыс сапарға шыққанда оңайырақ болады.

Дереккөз: confederation.kz

Ө. Сансызбай