Қоғаммен қарым-қатынас орнатудан неге қашамыз?
Фото: amur.kz, Гаухар Зукенова

Қоғаммен қарым-қатынас орнатудан неге қашамыз?

Қоғамдық ортада болып жатқан жанымызды жаралайтын түрлі жағдай адам өмірі мен психологиясына әсер етпей қоймайды. Өйткені адам қоғамдық ортамен тығыз байланыста болады. Кейде әлеумет пен өркениеттен тысқары жаққа кетіп қалғысы келіп, адамдармен араласудан қашатын адамдар кездесіп жатады. Қоғамнан жырақтауға не себеп? Адамдар қоғамнан неге қашады?

Мұндай адамдар өздерінше жан тыныштығын іздейді. Олар үшін жанның тыныштығы – адамдардан жырақ өзіңмен-өзің күн кешуің. Адамдардың ортасында болса да олармен қарым-қатынас орнатуға асықпайтын жандардың күні қоғамға қарап тұрған жоқ. Белгілі бір жандардан көңілі қалып, адамға сенуді қойған кезде олар әлеуметтен безінеді. Қоғамнан алыстау арқылы өзінің ішкі жан-дүниесімен оңаша қалғысы келеді. Әйткенмен, қоғамнан үнемі тысқары өмір сүруге болмайды. Өйткені «Адамның күні – адаммен» деген сөздің барын да ұмытпау керек. Қоғамнан алыстаған адам өмірден мақұрым қалғанмен бірдей. Өзің секілді екі аяқты пенделермен тіл табысып, солармен қатар күн кешу де – өнер. Психологиялық тұрғыдан қарағанда қоғаммен араласқысы келмейтін томаға тұйық адамдардың мұнысына дерт ретінде қарауға да болады. Адам өзі секілді жандармен тілдесіп, сұхбаттасып селбесе өмір сүрмесе, адамдығынан айырылып, жабайылана бастайды емес пе? Сол үшін де адамдармен қарым-қатынас орнатудың маңызы зор.

Қоғаммен қарым-қатынасқа түспеу деген не? Қоғаммен байланыс жасамау үшін сізге жұртпен қатар білім алмау, жұмыс жасамау және өсіп-өнбеу керек. Қашан да адамдардың сіздің өміріңізге тек зиянды жағы ғана тие бермейді. Тіршілік ету үшін кейбіреудің қолы сырып өтсе, кейбіреу әдейілеп аяқтан шалады. Бірақ өмір сонысымен де – өмір. Қоғамнан байланысты үзетін адам білімсіз күй кешеді.

Кез келген ортаның адам өміріне тигізер пайдасы да, зияны да бар. Адамдар жасаған зияннан өмірлік сабақ алуға болады. Бастысы – олар жасаған жамандыққа өзің жоламау керексің. Біреулердің жаман жақтарын көріп, өз бойыңнан соның табылмағанына назар салуға тиіссің. Ол үшін қоғамнан жырақтап, «Битке өкпелеп, тонын өртеген» адамның кейпіне енудің қажеті жоқ.

А. Әбілхан