Қолданылған тауарды интернетте қалай жарнамалау керек?

Қолданылған тауарды интернетте қалай жарнамалау керек?

Бүгінгі қоғам үйден шықпай-ақ өзіне керегін сатып алып, керек емесін жарнама арқылы ұсынуға үйренді. Қазіргі таңда пайдаланған заттарды интернет арқылы сату кең етек алып келеді. Тауарды интернет арқылы сатудың жолдары қандай? Неге мән беру керек? Қалай дұрыс жарнама жасаған жөн?

Ең алдымен сатылатын тауарыңыз «сатуға лайықты ма, жоқ па?» соны біліп алыңыз. Ол затты әлі де өзге біреу игілігіне жарата ала ма? Осы жағын бір ойлап алыңыз.

Бір шешімге келсеңіз, тауарыңызды жан-жақты суретке түсіріңіз. Елеуге тұрарлық, мән беру керек бөліктерін жақындатып түсіріңіз. Жариялауға төрт-бес сурет дайындауға болады. Суреттер бұлыңғыр болмағаны дұрыс. Тауар өтуінің сексен пайызы оның суретіне байланысты екенін есте сақтау керек.

Содан соң қажетті сайтқа тіркеліп, тауарыңыздың атын жазыңыз. Сатып алушыларға түсінікті болу үшін екі тілде жазуыңызға болады. 

Суретін енгізіңіз.

Тауардың өлшемін жазыңыз. Нақты өлшемін жазуға тырысыңыз. Мұндайда тауардың қорабы мен нұсқаулық кітабын негізге алыңыз.

Тауарға сиапттама беріңіз. Сипаттама бергенде тауарды өткізу мақсатында өтірікке жол беріп қоймаңыз. Тауардың қазіргі жағдайын толық жазғаныңыз дұрыс. Жөндететін жерлері болса, ескертіңіз.

Лайықты баға беріңіз. Әрине, пайдаланған затыңызды дәл өзіңіз сатып алған бағаға сата алмайсыз. Өйткені сіздің оны тұтынғаныңыз бар, біраз уақыт керегіңізге жаратқаныңыз бар. Оның үстіне заттың бірнеше жері бұзылған болуы да мүмкін. Соның бәрін ескере отырып затқа лайықты баға беріңіз.

Байланыс телефоныңыз немесе жеке интернет мекенжайыңызды дұрыс көрсетіңіз. Сатып алушы адам сізбен тауар жөнінде сөйлесу үшін сіздің мекенжайыңыз маңызды. Бұл жерге тұрғылықты мекенжайыңызды жазбаңыз. Оны телефон арқылы келісесіздер. 

Іске сәт!

Сурет: russtartup.ru

Ұқсас жазбалар:

Сауда мен маркетинг саласында ескеретін 8 жайт

Пайдалы кеңестер: Киімді дұрыс тазалау жолдары

А. Әбілхан