Интроверттерге арналған нетворкинг

Интроверттерге арналған нетворкинг

Интроверт дегеніміз – көпшілікпен қарым-қатынас кезінде өзін ыңғайсыз сезінетін, жалғыздықты ұнататын жандар. Нетворкингтің маңызын білсек те, интроверт адамдар үшін ол қызықсыз. Назарларыңызға Девора Зактың «Интровертке арналған нетворкинг» кітабы желісінде интроверттерге байланыс орнату әдістерін ұсынамыз.

Интроверттердің артықшылықтары
Интроверттердің тұйықтығы оларға кері әсер етеді. Көбінесе өзін ыңғайсыз сезіну, тұйық болу өз-өзіне деген сенімсіздіктен туындайды. Интроверттер экстраверттер әлемінде өзін қолайсыз сезінеді. Бірақ олардың өзіндік артықшылықтары бар. Сол артықшылықтарын пайдалана отырып, олар көп нәтижеге жете алады.

Интроверттер байқампаз және вербалды емес қарым-қатынасқа бейім;
Тәуелсіз, өзгенің пікіріне алаңдамайды. Өздерінің ішкі әлемінде өмір сүреді;
Олар өте жақсы тыңдаушылар;
Интроверттер достықта өте берік және сенімді адамдар.
Нетворкингтің жаңа ережелері
Қоғамда экстраверттер саны басым. Бүкіл әлем осы ​​көпшілікке бейімделген. Нетворкинг туралы кеңестердің барлығы экстраверттерге арналған. Девора Зак бұрынғы ережелерге қайшы келетін үш жаңа ережені ұсынады.

Бұрынғы ереже: Мүмкіндігінше көп сөйлесіңіз, батыл әрекет етіңіз.

№1 жаңа ереже: Үзіліс жасаңыз
Экстраверттер ойлану үшін сөйлейді. Интроверттер сөйлеу үшін ойланады. Оларға бұрынғы ереже тиімді. Ал сіз өзіңіздің ерекшелігіңізді пайдаланыңыз. Мүмкіндігінше әңгіменің тақырыбы мен стратегиясын алдын-ала жоспарлаңыз. Ойға келген нәрсені бірден айтуға тырыспаңыз.

Бұрынғы № 2 ереже: Өзіңізді сатыңыз.

№ 2 жаңа ереже: Талдаңыз
Басқа адам өздері туралы мыңдаған ақпарат беріп жатқанда, сізге де соны жасау керек емес. Сіз интровертсіз — талдағанды ​​және бақылағанды ​​ұнатасыз. Соны жасаңыз. Тыңдаған нәрселеріңізден нәтиже шығарып, кейін соны назарыңызда ұстаңыз. Сөйлесіп жатқан адамға сұрақтар қойыңыз.

Бұрынғы №3 ереже: басқа адамдармен мүмкіндігінше көп уақыт өткізіңіз.

№3 жаңа ереже: Өлшемдік стратегияны таңдаңыз
Мерзімді түрде үзіліс жасаңыз. Көп адамдық шаралар кезінде жалғыз демалуға мүмкіндік іздеңіз. Көп адаммен танысуға тырыспаңыз. Сіз берік байланыстарға бейімсіз. Сіз үшін 1-2 жаңа, бірақ сапалы таныстар жеткілікті.

Көпшілік арасында ыңғайсыз сезінбес үшін…
Интроверттер мұндай шараларды ұнатпайды. Девора Зак: «Мен мұндай кездесулерге барғым келмейді, бірақ ешқашан өкінген емеспін» дейді. Төмендегі кеңестер келеңсіз жағдайға тап болмауға көмектеседі.

Дайындық
Іс-шараға алдын ала бейімделіңіз. Шарадан не күтетініңізді, не үшін баратыныңызды анықтап алыңыз. Позитивті болыңыз. Киіміңіз дайындаңыз. Сол күні жұмыстан ертерек сұранып шығыңыз. Осы арқылы үйде жалғыз тынығып аласыз.

Еріктілер қатарына немесе іс-шараға көмектесіп көріңіз — көптеген Интроверттер бір рөлді алғанда өздерін жақсы сезінеді. Досыңызды өзіңізбен ертіп келіңіз. Шараға мүмкіндігінше ертерек келіңіз. Көп адамға қарағанда шағын топта үйренісу оңайырақ.

Жүйелілік туралы ұмытпаңыз
Басқа адамға назар аударыңыз. Көптеген интроверттер не туралы айтатынын білмей, қиналады. Сізге бұл қажет емес. Сұрақ қойыңыз және тыңдаңыз. Бірақ сізге дәл осы тактика қолданылған кезде қашуға тырыспаңыз. Өзіңіз туралы не айтатыныңызды алдын-ала ойластырыңыз.

Үзіліс жасап тұрыңыз. Сіз жалғыз жүріп, энергияңызды қалпына келтіре аласыз. Әңгімені жағымды нотамен аяқтаңыз. Үн-түнсіз кетіп қалғаннан  гөрі орынды сылтаумен кеткен жөн. Әдеп, жағымды үн мен күлімсіреуді ұмытпаңыз.

Таныстықты тоқтатпаңыз
Таныстықты дамыту керек. Кездесуден кейін жаңа досыңызға электрондық пошта немесе әлеуметтік желі арқылы жазыңыз. Алғашқы әңгіме тақырыбын еске салыңыз.  Жаңа жобаның қалай дамып жатқанын немесе іссапардың қалай өткенін сұраңыз. Сұхбаттасушыға қызықты болатын пайдалы ақпараты бар сілтемені жіберіңіз. Интроверттер ойларын жазбаша жеткізгенді ұнатады. Осы мүмкіндікті пайдаланыңыз.

Шараның сәтті нәтижесі үшін өзіңізді жағымды нәрсемен марапаттаңыз. Сіз белгілі бір демалуға лайықсыз. Бұл жұмсалған энергияны қалпына келтіруге көмектеседі.

Интровертке арналған платина ережесі
Вербалды және вербалды емес белгілерді талдауға үйреніңіз.

Құрмет көрсету. Мұны басқа адамның психотипіне сүйене отырып жасаңыз. Мәселен, интроверт әріптеспен құшақтасып амандасу жақсы идея емес.

Бейімделу. Бұл өзіңізді өзгерту керек дегенді білдірмейді. Сіздің мотивтеріңіз бен ұстанымдарыңыз өзгермейді. Тек мінез-құлық формаларын өзгертіңіз.

Дайын болыңыз. Нетворкер болу жаңа адамдармен көп сөйлесуді қажет етеді. Интроверт үлкен энергияны жоғалтуы мүмкін. Қарым-қатынас пен жалғыздық арасындағы тепе-теңдікті табуға тырысыңыз.

Жұмыс іздеу. Бұл жұмыс берушіге бәсекелестерінен жақсы екендігін дәлелдеуге тырысатын жарнама. Интроверттер ұнатпайтын істің бірі. Бірақ жұмысқа тұрарда мына әрекеттерді істесеңіз болады:

Күлімдеуден бастаңыз. Бұл өзіңізді жақсы сезіну үшін жасалатын ең қарапайым нәрсе. Сізге ештеңе айтудың қажеті жоқ. Осы арқылы сізді өзіне сенімді және мейірімді адам деп ойлайды. Күлімдеу әңгімеге шақыру сияқты.

Өзіңіз туралы не айтатыныңызды ойластырыңыз. Сізден өзіңізді таныстыруды сұрайды. Оған алдын-ала дайындалу керек. Өзіңіз туралы бір минуттық әңгіме жазыңыз және жаттығыңыз. Өзіңізді таныстырыңыз, не істеп жатқаныңызды және не істегіңіз келетінін айтыңыз. Жетістіктеріңіз туралы ұмытпаңыз. Әр түрлі жағдайлар мен мақсаттар үшін бірнеше нұсқаны дайындап қойыңыз.

Алғашқы әсерге назар аударыңыз. Сізге өте жақсы алғашқы әсер қалдырған адамдар туралы ойлаңыз. Неліктен бұлай болғанын талдаңыз. Олар қандай әдептілік танытты? Сіз осының қайсысын өзіңізге алар едіңіз?

Іссапардағы нетворкинг
Сіз жаңа адамдармен жиі байланысуға тура келетін тағы бір жағдай — іссапарлар. Есіңізде болсын, сізге үнемі сөйлесудің қажеті жоқ. Алғаш кіргенде көршілеріңізбен сыпайы түрде амандасыңыз. Мүмкіндігінше бір-екі әрекет жасап, көмек көрсетіңіз немесе бір-екі сөз тіркесін айтыңыз. Егер ниетіңіз болса, әңгімені жалғастырыңыз. Егер аса сөйлескіңіз келмей тұрса:

Кешіріңіз, бірақ мен жұмыс істеуім керек;
Маған түске дейін демалу керек;
Сізбен танысқаныма қуаныштымын, т.б.
Байланыс құралдарымен алмасыңыз. 24 сағат ішінде жаңа танысыңызға хат жазыңыз.