Бос уақыт табу жолдары

Бос уақыт табу жолдары
Фото: canstockphoto.com

Тағы бір апта зыр етіп өте шықты, бірақ мардымды ештеңе бітпеді. Бұл жағдай шығармашылық адамдарда, жұмыс кестесі тығыз мамандарда болып тұрады. Ендеше бүкіл шаруаға үлгеріп, сом дүниелерді лезде тындырып тастауға көмектесетін тәсілдерді ұсынамыз. 

Ерте тұрыңыз

Күнделікті сағат 07:00-де тұрып жүрсеңіз, ұйқы режимін біраз өзгертіп, 1 сағат ерте ояну керек. Ол үшін ағзаны 6-7 сағаттық ұйқыға бейімдеп, ұйқы циклін кері шегеруге тырысыңыз. Ертерек тұрып артылған бір сағатта таңғы жаттығу жасап, бұған дейін асығыс-үсігіс жасалып жүрген шаруаларды байыппен бітіріп, тіпті күндік жоспар жасап үлгеруге болады. 

Бір істі бітірмейінше еш тынбаңыз 

Жұмыс өнімділігін арттыратын алғышарттардың бірі – зейін. Адам миы қаншалықты бір жұмысқа фокус жасаса, соншалықты жұмыс та тез бітіп, өнімді болмақ. Ал бір істің басын бастап, оны бітірмей екінші бір шаруаға жармасу уақытты екі есе шығындап, адамның да берекесін кетіреді. 

Смартфонның шын мәнісіндегі иесі болыңыз  

Егер әлеуметтік желіге немесе бүгін біліп ертең ұмытатын ақпараттар айдынына күніне 1 сағаттан артық уақытжұмсасаңыз, уақытыңыздың құрдымға кетіп жатқаны және жұмыс ырғағының бұзылғаны. Керексіз, жаңа ақпаратпен ми толыққан сайын адам зейіні қашып, маңызды істер тасада қалып қалады. Адам смартфонды тек қажетін өтейтіндей жағдайда қолданса – смартфонның иесі, ал бір шұқылағаннан кейін қызығына тоймай, еш пайдасыз қайта-қайта сипалай берсе – смартфонның құлы. Маңызды хабарламаларға шұғыл жауап беру керек-ақ. Уақытыңыз үнемделеді. Бірақ, кейін асықпай жауап беруге болатын хабарламаларды ысыра тұру керек.  

Әлеуметтік желіге кіретін уақыт аралығын белгілеп алған да жөн. Мысалы, үйге қайтар жолда немесе кешкі 21:00-22:00 аралығында кіруге өз-өзіңізді мәжбүрлесеңіз, біршама бос уақыт пайда болғанын байқайсыз. 

"Жоқ" деп жауап беруге дайын болыңыз 

Күтпеген жерден танысыңыз жолығып, не хабарласып өтінішін айтып жататын сәттер болып тұрады. "Көңілін қалдырмайын, мен үшін бұл түк емес" деген сияқты ойдың жетегінде кетсеңіз, бір сағаттық, тіпті бір күндік шаруаларыңыз ысырыла береді. Өз жоспарыңызға зардабы тиетін өтінішке "жоқ" деуге дайын болыңыз. Сыпайы ғана кешірім сұрап, кейін орындауға мүмкіндігіңіз бар екенін айтыңыз.  

Күндік жоспар жасап жүріңіз 


А
дам белгілі бір істің маңыздылығын ойша бағаласа, ми оны өз қарамағына алады. Сондықтан, күнделікті жоспар  құрыңыз. Жатар алдында ертең не істейтініңізді, оны қалай жүзеге асыратыныңызды шолып өтіңіз. Сонда ғана жоспарыңыз орындалмайынша өзіңіз де тынбайтын боласыз.  

Massaget.kz