Мықтымын десең өзіңді, «әскерге» барып дәлелде!

Мықтымын десең өзіңді, «әскерге» барып дәлелде!
Фото: sarbaz.kz

«Мықтымын десең өзіңді, әйелге барып дәлелде!» деп жырлаған еді ақын Жүрін Ерман. Әйел сөзінің орнын «әскер» сөзімен алмастырсақ та, мықтылық дәлелденбей қалмас. Бүгінде «әскер» деген сөзді естігенде кейде көзге қан-жоса боп төбелесіп жатқан, таяқ жеп, қорлық көріп жүрген жігіттер елестейді.  Оған осы жігіттердің өзінен өзге кінәлі жан жоқ. Себебі «мұнда бәрі қиын», «таяқтан көз ашпаймыз», «бекер келген екенмін», «миға сыйғысыз әрекеттермен жүйке жұқартады» деген шағымдар өз ауыздарынан шығады.

Бұл әрекетін өзі қабылдаған шешімге қарсы шығу дегеннен басқа қалай түсінуге болады? Бір-ақ жыл болмашы қиындықтарға төзе алмаса, еркек боп жаратылғанынан не пайда?

Адам әскерге жай ғана «Отан алдындағы борышым өтелді» деген сөзді айту үшін бармайды. Бұл нағыз ер жігітке тән өмір қандай болатынын көрсетіп, бойына азаматтық, ірілік, ерлік қасиеттерді дартыуға тәрбиелейтін жер.

Әр жамандықтың бір жақсылығы болады. Оны сезіне білетін жүрек пен көре білетін көз керек.

Әскер соғысты тілемейді, бірақ жігітті өмірдің әр сынына дайындап, шыңдайды. Бүгін бейбіт күнде «қарға да, жаңбырға да кірпік қақпай», қасқайып қарсы тұра алмаған адам ертең ел басына күн туса, басқаны емес, өз отбасын қалай қорғамақ?! Бүгін әскердегі таяқтан қашқандар ертең азаматтық өмірде әскердегіден де сорақы төбелестің ортасында қалмауына кім кепіл? Әскерден қашып құтылғанымен, маңдайға жазғаннан құтыла алар ма?

Әскерде қарсыласудың пайдасы жоқ. Қанша соққы көрсе де үндемей үйдей бәледен құтылып кету – бәрінен артық. Бұл сізді шыдамдылыққа баулиды.

Күнделікті ұйқыны, дене шынықтыруды, тамақтануды режиммен орындап, тек пайдалы тағамдарды ғана қабылдағаннан салауатты өмір салты қалыптасады. Осы әдетті әскерден кейін де қалдырмай, сақтап жүрсеңіз иммунитетіңіз нығайып, ауру-сырқауға пысырқырып қарамайтын боласыз.

Әскерге бармай тұрғанда киіміңіз шешкен жеріңізде қалып қоя беретін болса, борышыңызды өтеп келген соң әр киімнің қырын шығарып, түп-түзу етіп жинап қоятын дағдыңыз автоматты түрде қалыптасып кеткенін де аңғармай қаласыз.

Әскерде жауынгерлік жігер беретін дәрістер тыңдап, осы жолда жүрген ерлердің өмірбаянымен таныс болып, өмірлік мотивация аласыз.

Сарбаз өмірінің ең жақсы жері өмірдегі ең сирек кездесетін қасиет – адалдықты, өтірік айтпауды үйретеді.

Айналаңызда қоршаған адамдардың жүйке жұқартатын әрекеттеріне де ет үйренеді. Уақыт өткен сайын не жағдай болса да ашуға бой алдырмай, сабыр сақтауды үйренесіз.

Сарбаздық өмірде ең ұлы сезім – достық пен махаббаттың қадіріне жетесіз. «Біріміз бәріміз үшін» жауап береміз деген ұранмен, түзу тұрып, түзу жүретін жігіттер өмірлік нағыз досыңызға айналады. Жауынгерлік жолдастар ешқашан ұмытылмақ емес!

Арада жатқан мыңдаған шақырымға қарамай, кеткен жолыңызға қарап сарыла күтетін қашықтағы ғашығыңызбен арадағы сезім ақ парақта тереңдей түседі.

Қатып қалған жарты нанды жеті жан бөліп жейтін ертедегі жаугершілік заман емес. Жан жолдасыңыз бірер минут ішінде көз алдыңызда көмусіз қалатын кешегі соғыс жылдары емес. «Бейбіт күнде өлмейді ер». Тәуелсіз елде әскерден қашпа, сабазым!

@. @assel_assanova