Ерте үйленген жігіттің жан сыры

Ерте үйленген жігіттің жан сыры

Жігіт ретінде сыр ақтарып отырғаным да біртүрлі болар. Бірақ сыр қыздың да, жігіттің де ішінде бар. Ендеше ол ортақ нәрсе. Сондықтан осы сайтты пайдалана отырып бір жайды баяндасам. 

Балалық дейміз... Бірақ балалықтың қателігін кейін түсінеміз. Өйткені өзіміз бала болып жүріп оның қадірін не кемшілігін қайдан білеміз. Қазір университеттің 3 курсында білім алып жатырмын. Таң қалуыңыз да мүмкін, бірақ балам бар. Әйелім жоқ. Әйелім болған, кетіп қалды. Түсінікті болу үшін басынан бастайын... 

Оныншы сынып оқып жүрген кезім. Айнұр есімді қызға ғашық болдым. Тіпті жақсы көргенім сонша, алғашқы махаббат болған соң ба сезімге мас болдым. Онсыз өмір жоқ секілді. Қызғаншақтығым тағы бар. Достарыммен жүрсе де сырттай қызғанамын. Бірақ жазғы үш айлық демалысқа шыққан кезде ол қызға көңілімді айттым. Ол да кет ары болмаған соң «жүру» дейтін махаббаттың жеңіл бір ұғымын бастан кештім. Сезім шіркін сол бала күнде өлмейді екен. Күнде ғашық боламын. Бір қызға. Айнұрға! Ақыры түлек атанар күн туып, он бірінші сыныптың тамыз айында ештеңеге қарамастан көзді жұмып тұрып үйленіп алдым. Біз бақыттымыз. Біз шынымен бақыттың жолына сапар шектік. Алғашқы бір жыл ата-анам көмектесіп тұрды. Жегенім алды ішкенім артта не керек, бәрі қызық еді. Тек Айнұр қасымда болса деген ой болды. Айналып келгенде жастымыз. Бірақ махаббаттың жасқа қарамайтынын сол кезде екеуіміз де білдік. Тек мен білдім бе... 

Қол ұстасқан қос ғашық болып екеуіміз бірге оқуға түстік. Бірінші курстың соңына қарай үйімде шаттық орнады. Ата-анама немере сыйладым. Маңдайы жарық ұлым дүниеге келді. Есімі – Бейбарыс. Қылығы тәтті баламыздың қасынан екі елі шықпаймыз. Жұмыс жоқ. Оқумен ғана жүрдім. Әйелім ақырын-ақырын менен сұранып далаға шығып келуді, қалаға келгенде танысқан құрбыларымен қыдыруды шығарды. Келістім. Қалай келіспейін ұлымның анасы ғой. Арада екі ай өткен кезде мен Айнұрды танымай қалдым. Мінез шығара бастады. Басты себеп - ақшаның жетіспеуі еді. Қашанғы ата-анама жалынып ақша сұраймын. Өз күнімді өзім көргім келді. Бірақ жұмысқа орналаса алмадым. «Ананы алып бер, мынан алып бер» дейтін дүниелер көбейді. Баланы үйге апарып тастадық. Екеуіміз болып қайтадан өмір бастамақ болдық. Бірақ ешетеңе шықпады. Түсінгенім ерте үйленіп қойдым-ау деймін. Әлде әйелім көп қыдырып жүріп бұзылды ма, ойын қай сайтан келіп түртті екен... Қысқасы сезімнің арты ашу мен жан-жалға ұласты.

Сол күн әлі есімде. Соңғы сөйлескен, ұрысқан күніміз. Сондағы әйелімнің арызы мен ер болып жарымаппын, ақшам жоқ, оны баға алмағанмын. Ал оның құрбылары әлі тұрмыс құрмаса да жігіттері күнде сыйлық жасайтын көрінеді. Ал мен күйеуі болып әйеліме солардай жағдай жасай алмаппын. Өмірдің ыстығы мен суығына ерте күйіп жетілем деп жүргенде, ойымды өзгерткен осы сөздер жанымды жегідей жеді. Ақыры әйелім менен кетемін деп шу шығарды. Отбасы болып тоқтата алмадық. Оның да ата-анасы қыздарын жақтап отырып алды. Ең ақыры махаббатқа басым кетіп, жүрекпен ойланып жүріп ақылымды ұмытып кеттім. Ақылға салуды ұмыттым. Не керек екі жаққа кетіп тындық. Бірақ баланы өзіңе қалдыр дегені тіпті қабырғамды сөгіп кетті. Қандай ана?! 

Болар іс болып, бояуы сіңді. Дегенмен бір түсінгенім мынау, махаббатты жүрекпен ғана қабылдау азық етеді. Оны ақылға салып ойлану керек екен. Шаңырақ құру үшін де көзсіз батырлық емес, ақыл мен парасаттың түйіскен жерін ұстау керек. Меніңше, осы дұрыс. Мектеп бітіре салып үйленемін, үй болып кетемін дейтін жігіттер қыздың болашағыңыз үшін мәңгілік кепіл болатынына көз жеткізіңіз. Бұл айдан алып отырғаным емес, тәжірибеден түйген ақиқатым. 

Автор: Алтынбек 

М. Ақан